Гүлмира Сатыбалды: «Мені босатсаңыздар, қолымда бардың бәрін беруге дайынмын»

0

Астанада өтіп жатқан сотта Гүлмира Сатыбалды қылмыстық іс бойынша жәбірленушілердің саяси жағдайды пайдаланып, байып қалғысы келіп отырғанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты. 

Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі.

Сотта Гүлмира Сатыбалдыдан Алагөзовке шығынды өтеу туралы өтініш бергені туралы сұрады.

«Мен алғашқы күннен бастап бәрін беріп, үйіме қайтқым келетінін айтып келе жатырмын. Мен анамын, әжемін. Немерелерімді иіскегім келеді. Алагөзов бізді шыр айналдырды. Әлі күнге дейін (шығынды өтеу туралы) өтінішті қолдаймын. Бірақ бұл менің Алагөзовке қатысты іс бойынша айыпты мойындағанымды білдірмейді. Ол жерде билік ету және рейдерлік әрекет те болған жоқ. Физикалық, моральдық қысым көрсетілген жоқ. Мен жай ғана үйіме барғым келді. Қазір де солай», — деді Гүлмира Сатыбалды.

Айтуынша, компания акциясын келісім бойынша заңды түрде сатып алған.

…Жала жауып отыр. Саяси жағдайды пайдаланып, байып қалғысы келіп отыр. Мұны Алагөзовке қатысты іс бойынша айтып отырмын. (…) Құрметті сот, мені үйге жіберсеңіз, қолымда бардың бәрін беруге дайынмын. Маған ештеңе керек емес. Бәрін кешіремін. Мен жай ғана үйіме барғым келеді, — деді Гүлмира Сатыбалды сотта.

ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫ ІСІ

Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.

Сотта Гүлмира Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Жауап алу барысында адвокат Әсемгүл Даниалова Гүлмира Сатыбалдыдан «Алагөзов сізге қандай айып таққанын көріп отырсыз. Алагөзовтің өзімен және бұрынғы әйелімен қалай танысқаныңызды айтып берсеңіз», деп сұрады.

«Алагөзов мен рейдерлік жасады деп айыптап отыр. Ол мені компаниясын тартып алды деп айыптады. Моральдық шығынды неге екені белгісіз 135 млрд теңге деп есептеп отыр. Мен мұндай ақша туралы тіпті мемлекеттік бюджетте де естіген емеспін. Мен секілді Қазақстанның қарапайым азаматында ондай көлемдегі қаражат қайдан болсын? Мен келіспеймін. Ешқандай өзінше билік ету болған жоқ, мен оның компаниясын тартып алған жоқпын», — деп жауап берді Гүлмира Сатыбалды.

Айтуынша, Қайрат Сатыбалдымен ажырасқанына 20 жыл болған.