Guardian басылымы ДАИШ-тің жаңа басшысы туралы дерек жариялады

0
16

ДАИШ («Ислам мемлекеті») террористік тобының жаңа жетекшісінің аты-жөні Әмір Мұхаммед Әбдел Рахман әл-Мауль деп хабарлады арнайы қызмет дерегіне сүйенген британдық Guardian басылымы.

Басылым оны ДАИШ-тің негізін қалаған ұйым идеологтарының бірі деп атайды. Газеттің жазуынша, Әмір Әбдел Рахман ұйымның бұрынғы жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади өлтірілгеннен кейін бірнеше сағаттан кейін ұйымды басқаруға кіріскен. Әл-Бағдади өткен жылы қазан айының соңында Сирияның Идлиб провинциясында АҚШ-тың арнайы операциясы кезінде қаза тапқан. АҚШ билігі әл-Мауль мен террористік топтағы өзге жетекшілерді ұстауға мүмкіндік беретін ақпарат үшін бес миллион доллар көлемінде сыйақы тағайындады.

Оқи отырыңыз: Террор топтың жетекшісі әл-Бағдадидің денесі теңізге лақтырылды

Газеттің жазуынша, Иракта тұратын түркімен отбасынан шыққан Әмір Мүхаммед Әбдел Рахман әл-Мауль ұлты араб емес ДАИШ-ті басқаратын санаулы жетекшілердің бірі. 2004 жылы Америка әскерилерінің қолына түсіп, Ирак оңтүстігіндегі түрмеге қамалған. Сол жақта әл-Бағдадимен кездескен.

Арнайы қызмет өкілдері террористік топ жетекшісінің нақты қайда екенін білмейді. Болжам бойынша, ол Ирактың Мосул қаласының батысындағы кішігірім қалалардың бірінде жасырынып жүрген болуы мүмкін.

Azattyq