Грузияның жаңадан сайланған президенті Ресейді адам ұрлады деп айыптады
Грузияның жаңадан сайланған президенті Саломе Зурабишвили Грузияға және Украинаға қарсы агрессиясы үшін Ресеймен әріптестік орнату мүмкіндігіне күмән келтіреді. Бұл жөнінде ол BBC телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Зурабишвили Ресейді Грузия территориясына біртіндеп еніп, «оккупация сызығындағы» азаматтарды ұрлады деп айыптады. Грузия лидері елінің еуропалық бағытты ұстанатынын және Еуропаға қарай бой түзейтінін жеткізді.
Грузия билігі осыған дейін Ресейді Оңтүстік Осетиямен шектесетін аймақта азаматтарды тұтқындап жатыр деп бірнеше мәрте айыптаған. Мәскеу болса, бұл аймақты тәуелсіз мемлекет деп мойындап, 4 мың әскерін орналастырған. Ресейден басқа Оңтүстік Осетияны дербес ел деп бес мемлекет мойындаған. Абхазия секілді Оңтүстік Осетия да 2008 жылы Ресей әскерінің қатысуымен болған кикілжіңнен кейін Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей өзінің бұл әрекетін «бітімгершілік операциясы» деп атаған.
Президент сайлауында Зурабившили қарсыласы Григол Вашадзені 20 пайыз дауыс айырмашылығымен жеңген. Грузия тарихында бірінші рет әйел президент атанған ол сайлаудағы жеңісін «Еуропа жеңісі» деп атады. Елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвили жақтаған үміткер Вашадзе сайлау қорытындысын мойындамады. Ол билікті сайлаушыларға қысым жасады, сайлау нәтижесін бұрмалады деп айыптады. Оның сөзінше, «Грузин арманы»жеңіс үшін, қылмыс әлемімен келісімге келген. Оппозициялық үміткердің жақтастары Тбилисиде митингке шықпақ.