Грузияда шерушілер қайта сайлау өткізуді талап етті

0

Грузияның Тбилиси қаласында мыңдаған халық елде өткен президенттік сайлау қорытындысына наразылығын білдіріп шеруге шықты.

Сайлау нәтижесі бұрмаланды деген наразы топ Грузия мен Еуропа Одағының туларын ұстап шығып, парламент ғимаратының алдында сайлау туралы жаңа заң қабылдануын және кезекті мәрте мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етті. Митингке қатысушылармен интернет арқылы байланысқа шыққан бұрынғы басшы Михаил Саакашвили «Грузияның болашағы осы алаңда анықталатын болады» деген.

Президенттік сайлаудың екінші кезеңінде Саломе Зурабишвили 59,5%-ға дауыспен жеңіске жеткен болатын. Ал 40,4%-ға дауысқа ие болған оның басты қарсыласы Григол Вашадзе сайлауда көптеген заң бұзушылық болғанын айтқан. Сол себепті оппозиционерлер сайлау қорытындысынна қатысты сотқа шағымданды. Грузия президенттігінен үміткер Григол Вашадзе: «Грузиядағы сайлау учаскелерінен жалған құжаттар табылды. Бұл 10 жыл бұрын қайтыс болған адамдардың төлқұжаттары. Олар тіріліп, сайлауға дауыс беруге келген ғой. Біздің демократиямыздың көрінісі осы», – дейді.
Айта кетейік, Грузиядағы президент сайлауында Зурабившили қарсыласы Григол Вашадзені 20 пайыз дауыс айырмашылығымен жеңген. Грузия тарихында бірінші рет әйел президент атанған ол сайлаудағы жеңісін «Еуропа жеңісі» деп атады.

«The Qazaq Times»