Грузияда арнайы жасақ басшысы митингідегі қақтығыстан соң қызметінен шеттетілді

0

Грузия ішкі істер министрлігі арнайы тапсырмалар департаментінің директоры Георгий Какичашвили 20-21 шілде күндері Тбилиси орталығында болған наразылықты тергеу аяқталғанға дейін қызметінен шеттетілді. «Наразыларға күш қолданды» деп сынға ұшыраған полицияның арнайы жасағы Какичашвилиге қарайтын. Бұл туралы министрлік хабарына сілтеп, Азаттықтың Кавказ қызметі хабарлады.

Грузияда жаппай наразылық 20 маусымда Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Гаврилов бастаған делегация келген соң басталған. Парламентаралық православ ассамблеясының жиыны кезінде Гаврилов Грузия парламенті спикерінің орнына отырып, орысша сөйлеген. Жергілікті оппозиция бұған ашу шақырған.

Парламент ғимараты алдында сол күні өткен наразылық соңы полициямен қақтығысқа ұласқан. Митингіге шыққандарға полиция резеңке оқ атып, жас ағызатын газ шашқан. Наразыларды машинамен су шашып таратқан. Қақтығыс кезінде 240 адам зардап шекті. Оның сексені – полицей. 300-ге тарта адам ұсталған.

Өткен аптада Грузия прокуратурасы парламент алдындағы наразыларды тарату кезінде полицейлер лауазымын асыра пайдаланған болуы мүмкін деп іс қозғаған. Бірер күннен соң құқық қорғау органдарынан 10 адамның қызметтен шеттетілгені хабарланды.

Оппозиция күн сайын парламент ғимараты алдында акция өткізіп жатыр. Наразылар полицияның қақтығыс кезінде күш қолдануына ішкі істер министрі Георгий Гахария жауапты деп, оның отставкаға кетуін талап етеді.

Тбилисидегі наразылықтан соң Ресей билигі Грузияға ұшуға тыйым салған. Кремльдің айтуынша, бұл – азаматтар қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім. Азаттықтың Орыс қызметі Мәскеудің Грузия бизнесіне «қысым жасай бастағанын» жазған.

Бұрын Совет одағына кірген Грузияда Ресей ықпалы – нәзік тақырып. 2008 жылы екі ел арасында әскери жанжал болып, Абхазия мен Оңтүстік Осетия Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей қолдауына ие болған сепаратистер 2008 жылғы қақтығыстан соң осы екі аймақты бақылауына алған. Мәскеу оларды тәуелсіз мемлекет деп мойындап, төрт мың әскерін орналастырды. Содан бері Ресей мен Грузия арасында ресми дипломатия орнаған жоқ.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз