Грузия соты экс-президент Саакашвилиді тоғыз жылға соттады

0

Тбилиси қалалық соты бұрынғы президент Михаил Саакашвилиді мемлекет қаржысын жымқырды деген айыппен тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралыStan.kz ақпарат агенттігі «Мтавари архи» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Михаил Саакашвили «пенжек ісі» бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған 2014 жылы мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылды. Бұл іс Грузияда «пенжек ісі» деген атпен белгілі.

Айыптаушы тарап Саакашвили президент кезінде мемлекет қаржысына күрте мен пальто сатып алғанын айтты.

“Экс-президент ұлының оқуын төлеп, косметикалық процедуралардан өткен. Қымбат көліктер мен ұшақтарды жалға алып, қымбат қол сағат сатып алған”, – дейді айыптаушы тарап.

Еске салайық, Михаил Саакашвили 2004 жылдан 2013 жылға дейін екі мерзім қатарынан Грузия президенті қызметін атқарды. Ол 2013 жылы президенттік өкілеттігін аяқтаған соң Грузиядан кеткен. «Грузин арманы» жаңа үкіметі оған қарсы төрт қылмыстық іс қозғады. Олардың екеуі үшін саясаткер сырттай үш және алты жылға бас бостандығынан айырылды. Грузияның бұрынғы президентінің 2007 жылғы 7 қарашадағы наразылық шеруін тарату ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Саакашвили Тбилисиде 2021 жылдың қазан айында Украинадан Грузияға оралғаннан кейін көп ұзамай ұсталды. Тұтқындау кезінде Саакашвили екі рет аштық жариялады және бірнеше медициналық мекемелерді ауыстырды. Өткен мамырда ол Рустав түрмесінен Тбилисидің шетіндегі көпсалалы «Вивамеди» клиникасына ауыстырылды.

Саакашвилидің жақындары мен жақтастары оның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы шетелде емделу деп санап, оның жағдайы туралы көптен бері дабыл қағып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Грузия президенті Саломе Зурабишвили елдің экс-президенті Михаил Саакашвилиге кешірім бермейтінінайтқан еді. Айтуынша, ол мұндай шешімді грузин халқының сезіміне сүйеніп қабылдаған.