Грузия парламентінің жетекшісі отставкаға кетті

0

Грузия парламентінің жетекшісі Ираклий Кобахидзені отставкаға жіберу туралы шешім 21 маусымда «Грузин арманы» партиясының саяси кеңесінде қабылданды. Бұған дейін парламент ғимараты алдында наразылық өткізген он мыңға жуық азамат оның отставкаға кетуін де талап еткен еді. Шерушілер елдің ішкі істер министрі Георгий Гахарийді де қызметтен босатуды талап еткен.

20 маусымда Тбилисиде наразылыққа шыққан азаматтар мен полицейлер арасында қақтығыс болып, 240 адам зардап шеккен. Олардың арасында 80 полицей бар. Бұл ақпаратты елдің денсаулық сақтау министрілігі хабарлады. Грузия оппозициясы 21 маусымда кешке Тбилиси орталығындағы парламент ғимараты алдында тағы да наразылық шарасын өткізетінін хабарлады.

20 маусымда қала орталығында болған митингке шамамен он мың адам қатысқан. Ресейлік депутат Сергей Гавриловтың Тбилисиде өткен парламентаралық православ ассамблеясының сессиясында парламент спикерінің орындығына отырып алуы наразылықтың туындауына себеп болды. Грузияға ресми сапармен келген Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Ресей коммунистік партиясының мүшесі Сергей Гаврилов әлемнің бірқатар елінің өкілдерін біріктіретін парламентаралық православ ассамблеясының жиынына төрағалық еткен еді. Оның парламент спикері орнына отырып алуы әуелі отырысқа қатысқан депутаттардың наразылығын туғызды. Гавриловты Ресей президенті Владимир Путиннің серігі деп санайтын грузиялық азаматтар ол Грузияның сепаратистік аймақтары — Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қолдау білдірген Мәскеудің іс-әрекетін құптайды деп есептейді.

Оппозициялық партия атынан парламентке сайланған депутаттар ресейлік делегацияның мінберге көтерілуіне кедергі жасап, жолын бөгеді. Біраз уақыттан соң ресейлік делегация күзетшілердің көмегімен ғимараттан шығып кетті.

Бұдан соң парламент залына азаматтық белсенділер келді. Форумды ұйымдастырған шенеуніктердің бірі, «Грузин арманы» партиясының мүшесі депутат Закария Кучнашвили болған жайтты «техникалық қателік» деп атады. Ол көптен кешірім сұрап, форумның ұйымдастырылу жағына көбірек көңіл бөлінуі керек еді деп өкінген кейіп танытты. Парламент ғимаратындағы наразылық кешке көшеде жалғасты.

Бейсенбі, 20 маусымда кешке парламент ғимаратының алдына жиналған наразылар спикер Ираклий Кобахидзенің отставкаға кетуін талап етті. «Грузин арманы» партиясының жетекшісі, олигарх Бидзина Иванишвили «басқыншы елдің өкіліне» парламенттен орын бергендерді жазалауға уәде берді. Оппозиция болған оқиғаға басқарушы партияны кінәлады.

«Бүгін «Грузин арманының» шын мәнінде «Орыс арманы» екені айқын болды. Бидзина Иванишвилидің арманы — Владимир Путиннің арманымен сәйкес келеді, ол грузин парламентінің спикері ресейлік депутат болғанын қалайды. Халықты қорлаудың бұдан асқан түрі жоқ шығар» деді «Бірыңғай ұлттық қозғалыс» партиясының мүшесі депутат Тинатин Бокучева.

Кейбір шенеуніктер Мәскеу мен Тбилиси арасындағы алдағы келіссөздердің кейінге қалуы мүмкін екенін болжап отыр.

Парламентаралық православ ассамблеясы — Греция парламентінің бастамасымен 1993 жылы құрылған парламентаралық ұйым.

Azattyq