Грузия оппозициясы 7 қараша күні Тбилисиде ұлан-ғайыр митингі өткізетінін хабарлады
Муниципалитет сайлауының екінші туры қорытындысымен келіспейтін Грузия оппозициясы 7 қарашада Тбилисиде мыңдаған адам қатысатын қарсылық митингісін өткізеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Мұны оппозициялық «Бірыңғай ұлттық қозғалыс» төрағасы Ника Мелия Грузия парламенті алдында өз жақтастарымен кездескенде айтты.
Оның сөзінше, келесі жексенбіде өтетін акция ауқымы 14 қазанда Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді босатуды талап еткен митингіден әлдеқайда үлкен болады. Саакашвилиге бостандық талап еткен митингіге әртүрлі деректерге қарағанда 15 мыңнан 30 мыңға дейін адам келгенге ұқсайды.
«Митингінің мәні мен мақсаты мемлекет мүддесіне сай келеді», — деді Мелия. Оның сөзінше, оған дейін оппозиционерлер ұйымдастыру мәселелерімен айналысады, елдің түрлі аймақтарында акция өткізеді.
30 қазанда Грузияда муниципалитет сайлауының екінші туры өткен. 20 муниципалитеттің, оның ішінде Тбилиси, Батуми, Кутаиси, Поти және Рустави қалаларының мэрлері мен 24 мажоритарлы округте жергілікті кеңес (сакребуло) депутаттарын сайлаған.
Орталық сайлау комиссиясының әзіргі деректеріне қарағанда, биліктегі «Грузин арманы» партиясы 20 қаланың 19-ында жеңіске жеткен.
Грузияның Орталық сайлау комиссиясы «екінші тур өтті» деп хабарлады, бірақ биліктің оппоненттері жеңілгенін мойындауға асықпайды. Олар «ұрланған сайлау» нәтижесімен келіспейтінін, барлық мүмкінді пайдаланып, күресін алғастыра беретінін мәлімдеп отыр.