Грузия футболшылары Ресейді «басқыншы» дейтін жейде киіп шықты

0
40

Тбилисидің «Локомотив» және «Рустави» футбол клубтарының, Кутаиси қаласының «Торпедо» клубының ойыншылары Грузия чемпионатының 19-турындағы кездесуге Ресейдің сыртқы саясатын сынайтын жейде киіп шықты.

«Торпедо» футболшылары киген жейдеде «Мен Грузияданмын, менің жерімді Ресей басып алған» деп жазылған. Қалған екі команда ойыншыларының жейдесінде «Грузия жерінің 20 пайызын Ресей басып алған» деген жазу бар.

Чемпионат.com басылымының жазуынша, кутаисилік «Торпедо» клубының құрамында Грузиядан шыққан ресейлік екі футболшы бар. Оның бірі – мәскеулік «Локомотив» құрамында болған Нодар Кавтарадзе, екіншісі – Ресей астанасының тағы бір клубы «Строгинода» ойнаған Вахтанг Небиеридзе.

Ресей мемлекеттік думасы акцияға реакция білдірді. Ресей либерал-демократиялық партиясының депутаты Игорь Лебедев халықаралық футбол федерациясын ресми матч кезінде ойыншыларға саяси акция өткізуге тыйым салатын ФИФА жарғысына сай шара қолдануға шақырды.

Грузияда 20 маусымнан бері наразылық жалғасып жатыр. Оған Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Гавриловтың парламент спикері мінберіне көтеріліп, орыс тілінде сөйлеуі себеп болған. Грузияға ресми сапармен келген Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Ресей коммунистік партиясының мүшесі Сергей Гаврилов әлемнің бірқатар елінің өкілдерін біріктіретін парламентаралық православ ассамблеясының жиынына төрағалық еткен еді. Оның парламент спикері орнына отырып алуы әуелі отырысқа қатысқан депутаттардың наразылығын туғызды. Гавриловты Ресей президенті Владимир Путиннің серігі деп санайтын грузиялық азаматтар ол Грузияның сепаратистік аймақтары – Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қолдау білдірген Мәскеудің іс-әрекетін құптайды деп есептейді.

Бұрын совет одағына кірген Грузияда Ресей ықпалы – нәзік тақырып. 2008 жылы екі ел арасында әскери жанжал болып, Абхазия мен Оңтүстік Осетия Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей қолдауына ие болған сепаратистер 2008 жылғы қақтығыстан соң осы екі аймақты бақылауына алған. Мәскеу оларды тәуелсіз мемлекет деп мойындап, төрт мың әскерін орналастырды. Содан бері Ресей мен Грузия арасында ресми дипломатия орнаған жоқ.



Azattyq