«Грим бөлмесінің талқаны шыққан»: Земфираның концертін ұйымдастырушылардың бірі бар шындықты жайып салды

0

Блогер, журналист, жазушы, DPARTNERS компаниясының басқарушы серіктесі Дана Орманбаева Telegram-арнасында ресейлік танымал әнші Земфираның Қазақстан бойынша турының ұйымдастыру жұмыстары туралы және өнер иесінің наразылық танытуына кім себеп болғанын ашып айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дана Орманбаеваның Земфираның концертіне қатысты түсініктемесі әлеуметтік желіге тарап кетті. Онда Земфираның Қазақстандағы концерттерінің дайындығы және әнші ұжымының қойған талаптары туралы егжей-тегжейлі айтылған. Ұйымдастырушы әншінің тур-менеджері Андреймен арада біраз түсініспеушіліктер болғанын жасырмады. Алматыдағы концертке қатысты, ол Земфираның көңіл-күйінің жақсы болғанына қарағанда, сахнадағы жарық пен дыбыс оның көңілінен шыққанын айтты.

“Концертке әншінің достары да келді. Олар грим бөлмесінде ұзақ отырды. Кейін отырыс қонақүйде таңғы сағат 5:00-ге дейін жалғасты. Оларды сұрауы бойынша, ол жаққа шарап жеткізіп бердік. Бұл әрекетіне де түсіністікпен қарауға тырыстық. Айта кететін жәйт, шарап жеткізу әртістің талаптарына кірмейді, бұл біздің қонақжайлығымыздың белгісі”, – деп жазды Дана Орманбаева.

Оның айтуынша, Алматыда да, Астанада да әншінің командасы концерттен кейін грим бөлмесінде отырыс ұйымдастырған. Алайда Астанадағы отырысты соңы адам шошырлық күйде болды. Ұйымдастырушылардың бірі Дана Орманбаева желіге киім ауыстыратын бөлменің коцерттен кейінгі суреттерін жариялады. Суреттерден бөлмеде бөтелкелер, қоқыстар мен сынған стақандардың шашылып жатқанын көруге болады. Шарап пен шырын жерге төгіліп қалған. Біреу әдейі бөлмені шашып кеткен сияқты. Дана Орманбаева ол бөлменің Земфира үшін арнайы дайындалғанын да атап өтті. 

Астанада дыбыс тексеру жағы Алматыдан қарағанда қиынға соққан. Дананың айтуынша, ондағы құрал-жабдықтардың талапқа сай жасалғанын айтып, әншінің техникалық директорымен мақұлданғанын алға тартты.

Ресейлік әртістің сахнада тұрып ортаңғы саусағын көрсеткені де жасырын емес. Ұйымдастырушы әншінің бұл әрекетіне қатысты пікір білдірді.

“Құрал-жабдықтан бөлек, әншінің командасында дыбыс пен жарықтың сапасымен айналысатын адам болады. Ал Земфираның командасында оған үш бірдей адам жауап береді. Әнші сахнада тұрып үш рет ортаңғы саусағын басқалар айтқандай бізге емес, өзінің жеке дыбыс режиссері Александр Астаховқа (айта кетейін, өте жақсы адам) көрсетті. Кейбір деректерге сенсек, Астанадағы концерттен кейін Александрды жұмыстан шығарып жіберген”, – дейді ұйымдастырушы.

Дананың айтуынша, әнші дыбыс үшін ғана емес, жарық үшін де ұжымына сөгіс жариялаған. Ұйымдастырушы командалық жұмыста ұжымның тұрақтылығы, бірлігі, сондай-ақ мәдениеттілігі маңызды екенін атап өтті. Ал Земфираның командасынан мұның бірін де байқамаған.

“Сау болыңыз, Земфира! Сөзсіз, сіз – аңыз адамсыз, ұрпақтардың үнісіз, қайталанбас тұлғасыз. Бірақ сіздің өте нашар командаңыз. Мұны мойындау керек. Мұндай “мамандардың” дәуірі өтті. Біз не жасасақ та жанымызды саламыз. Сахнаға танымал жұлдыз шықса да, жас әнші шықса да оған лайықты құрмет көрсетеміз. Сіздің Қазақстанға келіп, концерте бергеніңізді ешқашан ұмытпаймыз”, – деп жазды Дана Орманбаева.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік танымал әнші Земфира Қазақстанда өткен концерттерге көңілі толмағанын айтып қазақстандықтарды ренжітіп алған еді. Кейін отандастарымыздан кешірім сұрап, жазба жариялады.