Грекиядағы парламент сайлауында билік партиясы жеңілді

0

Грекиядағы парламент сайлауында Кириакос Мицотакис бастаған оңшыл центристік «Жаңа демократия» партиясы жеңіске жетті. Оған сайлаушылардың 40 пайызы дауыс берген. Бұл партияның бас қарсыласы — премьер-министр Алексис Ципрас жетекшілік ететін солшыл радикалдар коалициясы (Сираза) жинаған дауыстан 8 пайызға көп.

Алдын ала нәтиже дауыстың 94 пайызын санаған соң жарияланып отыр. Сайлаудың ресми қорытындысы әлі шыққан жоқ. Алайда Ципрас Мицотакисті жеңісімен құттықтап қойды. Ал «Жаңа демократия» партиясының жетекшісі Грекияда салықты азайтуды, инвестиция тартып, экономиканы күшейтуді уәде етті.

«Жаңа демократия» парламенттегі мандаттың басым бөлігін иемденетінге ұқсайды. Болжам бойынша, 300 орынның 158-і оңшыл центристерге тиеді. Бұл Мицотакиске үкіметті өз бетінше құруға мүмкіндік береді.

БАҚ-тың жазуынша, бұл жолы парламентке расистік және ксенофобиялық мәлімдемелер жасап жүрген «Алтын таң» ұлтшылардар партиясы кіре алмаған. Бірақ бұрынғы журналист Кириакос Велопулос жетекшілік ететін әсіре оңшыл «Грек шешімі» үш пайыздық межеден аса алған. Ол парламенттегі он мандатты алмақ.

Azattyq