«Граната жарылып кетеді деп ешкім күтпеді»: Бір қолынан айырылған әскери қызметкер не болғанын айтып берді – Қазақстан жаңалықтары

0
59

Оқу-жаттығу кезінде граната жарылып кетіп, салдарынан қолынан айырылған әскери қызметкер сол күні болған оқиғаның мән-жайын айтып берді. Ер адамның сөзінше, ол гранатаның жауынгерлік екенін білмепті. Сондықтан өзін кінәлі деп санамайды.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Еске сала кетсек, оқиға 17 шілдеде Бейнеу аулындағы полигон аумағында орын алған еді. Сол күні оқу-жаттығудан өтіп жатқан Сергей Кошелев гранатамен жұмыс істеуі керек болыпты. Алайда ол гранатаның жауынгерлік екенін және жарылып кететінін білмегенін айтады.

Ал қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан тергеу материалдары бойынша, әскери қызметкері қауіпсіздік техникасын бұзған болуы мүмкін. Егер оның кінәсі дәлелденсе, мүлікті зақымдағаны үшін 6 миллион теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Алайда Сергейдің өзі кінәсіз екенін айтып отыр. Себебі қолымдағы жауынгерлік граната екенін білмедім, дейді. Тіпті, снарядтардың жауынгерлік екенін өзге әріптестері де білмегенін айтады. Сонымен қатар ол жауынгерлік қарудың нұсқауы бойынша ескерту қағазына қол қоймағанын айтады. Зардап шегушінің сөзінше, құжатқа өзінің орнына басқа біреу қол қойған болуы мүмкін.

Әскери қызметкердің сөзінше, оқу-жаттығу кезінде әріптесі көмектесуін сұрапты. Сол кезде ол үстелде жатқан гранатаны байқаған. Айтуынша, ол гранатаның шынайы екенін білмепті. Себебі дәл сондай гранатаны мектепте көрген. Артынша Сергей снарядты алып, мұрындығын жұлып алып, қайтадан үстелге қойыпты.

«Мен бұрылып қалғанда жарылыс болды. Көз алдым қарауытып кетті. Бетімді сүртейін десем, сүрте алмаймын. Ештеңені ұқпай қалдым. Сол қолыммен сүртейін деп қарасам, қан саулап жатыр. Саусақтарым жоқ екен», – деп еске алды ол.

Сергейге болған оқиғадан кейін 2,5 ай ем алуға тура келген. Ол ауруханада жатқан кезінде аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, өзінің негізгі күдікті ретінде көрсетілгенін біліпті.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шегуші қауіпсіздік техникасын бұзып, салдары осылай аяқталған.

Ер адамның сөзінше, жарылыс болған кезде ешкім граната жарылды деп ойламаған. Олар радиостанция жарылып кетті деп топшылапты.

«Граната жарылып кетеді деп ешкім күтпеді. Олар да шок болды. Мен әулиемін демеймін. Әрине, менің де кінәм бар. Себебі оған тиіспеуім керек еді», – дейді Сергей Кошелев.

Ал оның қорғаушысы Намиг Велиев бұл жағдайда жауапкершіліктің бәрін Сергейге артқысы келіп отырғандарын айтады. Маман нұсқаулықтағы әскери қызметкердің қолы жалған деген пікірде. Сонымен қатар ол әскери дайындыққа машықтануға және әскери қызметкерлердің қауіпсіздігіне қорғаныс министрлігі жауап беретінін жеткізді. Велиев бұл жағдада салғырттық танытылды деп санайды.

Ал қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тергеудің барлық нұсқаны қарастыратынын айтқан еді. Олардың қатарында зардап шегушінің кінәсі де бар.

stan.kz