Google Huawei өнімдерін бағдарламалық қолдауын доғарады

0

АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығынан кейін осы елдің Google Alphabet интернет корпорациясы Қытайдың Huawei Technologies телекоммуникациялық конгломератына бағдарламалық қамтамасыз ету қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Google компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Reuters хабарлады.

15 мамырда Трамп АҚШ компанияларына ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін фирмалар әзірлеген телекоммуникациялық құрал-жабдықтарды пайдалануға тыйым салатын жарлыққа қол қойған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Google енді Huawei-мен жұмысында лицензияны қажет етпейтін және көпшілікке ашық өнімдерді есептемегенде, құрал-жабдықтар, компьютерлік код және техникалық қызметті қажетсінетін бағдарламалық қамтамасыз етуді доғарады. Мұндай қадам Huawei компаниясының Қытай шекарасынан тыс аумағындағы бизнесіне соққы болып тиюі мүмкін, өйткені Қытайдың технологиялық алыбы өніміндегі Android операциялық жүйесін жаңарту мүмкіндігінен айырылмақ.

Google компаниясының мәліметінше, әлем бойынша Android жүйесі орнатылған, белсенді жұмыс істейтін құрылғы саны 2,5 миллиард данаға жуық. Осы жүйені өнімдерінде қолданатын Huawei компаниясының болашақта шығаратын смартфондары Gmail электронды поштасы, Chrome браузері және YouTube арнасы тәрізді көпшілік арасында аса танымал қосымшалардан құр қалмақ.

Bloomberg агенттігінің ақпараты бойынша, АҚШ-тың кемінде тағы төрт ірі компаниясы Қытайдың Huawei телекоммуникациялық компаниясына өнімдерін беруді доғаруы ықтимал. Олардың арасында Intel, Qualcomm, Xilinx және Broadcom корпорациялары бар..

Azattyq