Гонконгта халық наразылығынан соң заң жобасын кейінге қалдырды
Гонконг билігі қала тұрғындарын Қытайға экстрадициялауға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау процесін кейінге шегерді. Бұған дейін мұнда миллионға жуық адам наразылыққа шығып, заң жобасының қабылдануына қарсылық танытқан.
Пекинге қарайтын Гонконг әкімшілігінің жетекшісі Кэрри Лам сенбі,15 маусымда әкімшілік қоғамдағы барлық топтармен кездесіп, осы мәселе бойынша түрлі пікір-көзқарастарын тыңдауға уәде берді. Бірақ ол биліктің заң жобасынан толық бас тартпағанын меңзеген.
Гонконг — бірқатар мәселелер бойынша Пекинсіз жеке шешім қабылдай алатын Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы. Қазіргі кезде Гонконгтан азаматтарды Қытайға экстрадициялау 1997 жылға дейін қабылданған келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылады. Бірақ ол сирек жағдайда қолданылады.
Наразылар «бұл заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгқа келгендер, туристер де зардап шегеді» деп санайды. Ал биліктің пайымдауынша, бұл заң жобасы «Гонконгқа қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің» санын азайтады.
Бақылаушылар Гонконгта соңғы бірнеше күнде болған шеруді 1997 жылдан бері елде өткен ең ірі наразылық қатарына жатқызады. Бұл акция кезінде шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болды. Наразылар заң шығарушы орган ғимаратына басып кіруге тырысты. Оппозиция демалыс күндері наразылық шеруін жалғастырып, құжаттан толық бас тартуды талап ететінін мәлімдеген.