Головкин: Осы дәрежеге жеткенімді мақтан тұтамын

0

IBF/IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1,35КО) қарсыласы Камил Шереметамен (21-0, 5 КО) болатын жекпе-жекке қатысты пікір білдіріп, өзінің спорттағы арманы жайлы айтты, деп хабарлайды sports.kz.

Головкиннің сөзінше, алдағы кездесуде жеңіске жету үшін барын салмақ. Себебі отандасымыз орта салмақтағы әлем чемпионы атағын жиырма бірінші мәрте қорғайын деп отыр. Бұл осы дивизиондағы рекорд болып саналады.

«Мен үшін бұл жекпе-жек бокс тарихында елеулі із қалдыру мүмкіндігі. Осы дәрежеге жеткенімді мақтан етемін. Енді осы уақытқа дейін сақталған рекордты жаңартудың мүмкіндігі туып отыр. Менің ойымша, жаңа рекорд орнату — әр спортшы үшін үлкен жетістік.

Сондықтан арманыма жету үшін бір ғана қадам қалып тұр деп айтса болады. Әрине, мен қазіргі өзімнің жағдайымды білемін. Сондықтан бұл жекпе-жекке барынша байыппен қараудамын. Мен өзімді мықты жағымнан көрсетуге тырысамын. Өзім үнемі айтатындай жұма күні Big Drama Show көресіздер», — дейді Геннадий Головкин.

Еске сала кетейік, Головкин мен Польша боксшысы Камил Шеремета арасындағы жекпе-жек 18 желтоқсан күні АҚШ-тың Флорида штатында жергілікті уақытпен 17:00-де басталады.

Қазақстандық жанкүйерлер бокс кешін 19 желтоқсанда «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан таңғы 4-тен бастап тікелей эфирде көре алады. Головкин-Шеремета жекпе-жегі Нұр-Cұлтан уақытымен шамамен 07:00-де басталады. Айта кеткен жөн, бұл бокс кешінде тағы бір отандасымыз Әли Ахмедов шаршы алаңға шығады.