Головкин мен «Канело» үшінші рет жекпе-жекке шығады

0

Головкин мен «Канелоның» үшінші жекпе-жегіне байланысты Невада штатының Атлетикалық комиссиясының ресми сайтында тың ақпарат пайда болды. Головкин мен Альварес арасындағы реванш 2019 жылға жоспарланған ірі бокс кештерінің бірі ретінде өтуі мүмкін.

Әрине, ресми сайтта Головкин мен «Канелоның» жұдырықтасатыны туралы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен олар 2019 жылдың 4 мамырында Лас-Вегастағы T-Mobile Аренада Golden Boy Promotions және GGG Promotions ұйымдастыратын кәсіпқой бокс кеші туралы жазған. Ал бокс кешінің ресми теле таратушысы DAZN сервисі көрінеді.

Бұл бокс кешінің басты жекпе-жегінде кімдер шығатыны анық емес. Алайда жоғарыда аттары аталған әйгілі промоутерлік компаниялардың Сауль «Канело» Альварес пен Геннадий Головкиннің карьерасына тікелей жауапты екенін ескерсек, онда қос мықтының арасында үшінші кездесу болып қалуы да ықтимал. Еске салсақ, олар осыған дейін екі рет кездесіп, алғашқыда екеуі тең түссе, екінші кездесуде Альварес ұпай санымен басым түсті. Сөйтіп, Головкинге тиесілі белдіктерді иеленді. Ал Головкин кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.

Абай Аймағамбет

Дереккөз: Айқын