Головкин мен «Канело» арасында болатын үшінші жекпе-жектің уақыты мен орыны анықталды

0

Орта салмақта WBC, WBA (Super) нұсқасы бойынша әлем чемпионы және екінші орта салмақтағы WBA (Regular) тұжырымы белдігінің иегері мексикалық Сауль «Канело» Альварестің (51-1-2, 35 КО) 2019 жылы өткізетін екінші кездесуінің уақыты белгілі болды.

Бұған дейін хабарланғандай промоутері «Канелоның» жекпе-жегі үшін 4 мамырды таңдап та қойған. Ол күнгі кездесу Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтеді екен.

ESPN мәліметі бойынша, Альварестің келесі жылдағы жекпе-жегі 14 қыркүйек күні Мехикодағы «Ацтека» стадионында өтпек. Ал осы күні «Канело» мен қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) арасында жекпе-жек өту мүмкіндігі жайлы ақпарат тарауда. Бұл туралы Альварестің өзі айтқан.

Еске салсақ, Альварес биылғы жылдағы соңғы кездесуін 15 желтоқсан күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткізіп, британиялық Рокки Филдингті айқын басымдықпен жеңген болатын. Сөйтіп, одан WBA чемпионы белдігін тартып алды.

Альварес осыған дейін өзінің соңғы екі жекпе-жегін қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы өткізген болатын. 2017 жылдың қыркүйегінде өткен алғашқы жекпе-жек тең аяқталса, одан кейін биыл болған жекпе-жек ұпай басымдығымен Альварестің пайдасына шешілді. Енді екі боксшы да үшінші жекпе-жекке дайын екендіктерін жиі айтып жүр.

Абай Аймағамбет

Дереккөз: Айқын