Головкин Деревянченконы жеңді
Қысқа сілтеме алу
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек 12 раундқа созылды, айқаста орта салмақтағы IBF және IBO титулдары сарапқа салынды
НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden аренасында өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) украиналық Сергей Деревянченконы (13-1, 10 КО) жеңіп, IBF және IBO титулдарына ие болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қос боксшы арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 8:55-те басталды. Жекпе-жекте орта салмақтағы IBF және IBO әлем чемпионы титулдары сарапқа салынды. Кездесудің алғашқы раундында қазақстандық былғары қолғап шебері Сергей Деревянченконы нокдаунға жіберді. Екінші раудта Геннадий Головкиннің жойқын соққысынан украиналық боксшының қабағы жарылып, жарақат алды.
Қалған раундтарда украиналық боксшы жиі шабуылға шығып, басымдықты өз қолына алуға тырысты. Головкин де қарсыласына есесін жібермей, жойқын соққылар жасады. Бірақ қарсыласын алғашқы раундтағыдай ктүсіре алған жоқ. Қос боксшы арасындағы кездесу өте тартысты өтіп, 12 раундқа созылды. Төрешілердің шешімімен Геннадий Головкин жеңімпаз атанып, кәсіби рингтегі 40-шы жеңісіне қол жеткізді.
Әлемдік БАҚ таратқан мәліметке сәйкес, бұл кездесу үшін қазақстандық спортшы 15 миллион доллар (5 миллиард 835 миллион теңге, 1 доллар – 389 теңге), украиналық боксшы 5,2 миллион доллар (2 миллиард 22 миллион 800 мың теңге, 1 доллар – 389 теңге) алады.
sputniknews.kz