«Голос. Дети» байқауындағы дау: министр Мұхамедиұлы пікір білдірді

0

 Арыстанбек Мұхамедиұлының пікірінше, «конкурс әділетсіз өтті» дей берсек, оның басқа таланттарға кесірі тиюі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ресейлік «Голос. Дети» байқауындағы дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Әр конкурстың ерекшелігі бар. Егер біз «Конкурс әділетсіз болды. Алсудың қызының дауысы жоқ» деп айта берсек, онда Ресей тарапы келесі жолы бізге келгенде шақырамыз ба, жоқ па деп ойланып қалуы мүмкін. Сондықтан өте мұқият болуымыз керек. Әрине, Ержанның екінші орын емес, бірінші орын алғанын бәріміз қалаймыз. Бірақ басқа да конкурсқа қатысып жатқан отандастарымыз бар», — деді министр.

Димаш Ержан Максимге «қазақша сөйле» деп ескерту жасады

Мұхамедиұлы Ресейдегі «Большой проект» конкурсында Салтанат Ахметова есімді қазақстандық әншінің гран-при иеленгенін атап өтті.

«Сондай-ақ Бахтияр Адамжанов есімді биші жігіт жылына екі-үш конкурсқа барып, міндетті түрде гран-при әкеліп жүр. Сондықтан Ержанның екінші орын алуы да өте жоғары жетістік», — деп түйіндеді сөзін Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Айта кетейік, бүгін министр аталған байқауға қатысқан жас әнші Ержан Максиммен кездесті.

«Голос. Дети» байқауындағы дау

26 сәуірде Ресейдің бірінші арнасында «Голос. Дети» байқауының қорытындысы шығарылды. Ресейлік әнші Алсудың қызы Микелла Абрамова жеңіске жетті. Ал қазақстандық әнші Ержан Максим екінші орынды иеленді. Бірақ интернет қолданушылар финал әділ өтпегенін айтып, шу шығарды.

Тағы оқыңыз: Ресейлік әншілер «Голос. Дети» байқауы әділетсіз өткенін мәлімдеді   



sputniknews.kz