ГКЧП құруға қатысқан Анатолий Лукьянов қайтыс болды
Мәскеуде СССР Жоғарғы кеңесінің соңғы төрағасы болған Анатолий Лукьянов 88 жасында өмірден озды. Бұл жөнінде РБК агенттігіне оның қызы Елена Лукьянова хабарлады. Оның сөзінше, әкесі 9 қаңтар күні ауыр науқастан қайтыс болды.
Анатолий Лукьянов 1930 жылы Смоленскіде туған. 1953 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетін аяқтағаннан кейін үкімет құрылымдарында жұмыс істеген. 1961 жылы СССР Жоғарғы кеңесі президиумы аппаратында саяси мансабын бастаған.
1990 жылы Михаил Горбачев СССР президенті болып сайланғаннан кейін, Лукьянов Жоғарғы кеңестің төрағасы болған. Ол 1991 жылы «тамыз бүлігін» ұйымдастырған төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетті (ГКЧП) құруға қатысқан, бірақ құрамына кірмеген. «Тамыз бүлігі» басылғаннан кейін қамауға алынып, 1992 жылдың соңына дейін Мәскеуде қамауда болды. Кейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылып, 1994 жылы ақпанда Ресей Мемлекеттік думасының шешімімен рақымшылық жасалған.
Анатолий Лукьянов 1994- 2000 жылдар аралығында Ресей Коммунистік партиясы Орталық комитетінің президиум мүшесі болған. 1993-2003 жылдары Ресей Мемлекеттік думасының депутаты болған.
Дереккөз: Азаттық