Германиядан коронавирус жұқтырған жолаушымен бірге ұшқан алматылық әйел карантин туралы айтып берді — Қазақстан жаңалықтары
Алматылық әйгілі сәнгер-блогер, коронавирусты жұқтырған Германиядан ұшқан жолаушылардың арасында болған. Аида Ким карантин туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Біздің рейсте коронавирус инфекциясын жұқтырған жолаушы болған. Бүгін таңертең хабарласып, ауруханаға жататынымызды сөйледі. Затымды жинап, күттім. Жедел жәрдем келіп, дене қызуымызды өлшеді. Сөйтіп жұқпалы аурулар ауруханасына алып кетті. Күйеуім екеуімізді бір-бірімізден бөлек бөлмеге жатқызды. Әр бөлмеде алты адамнан. Кешке сағат 20:00-де тамақ берді. Бірақ ешкім жеген жоқ», — деп жазды Аида өз инстаграм-парақшасында.
Оның айтуынша, оларды палатаға орналастырғаннан кейін әрқайсысына термометр берген. Үш сағат сайын дене қызуды өлшеп, арнайы бланкке жазуды тапсырған.
Блогер ақпараттың жоқтығынан барлығы абрыдап қалғанын айтады.
«Мен дәрігерге келіп, ары қарайғы өміріміздің не болатынын сұрадым. Бізді тексерген кезде әр минут сайын: Тайландқа рейс, Сингапурға рейс деген сөздерді ғана естідік. Достар, өзіңіз және отбасыңыздың басына мұндай жағдай келмесін. (инфекциялық ауруханада болу жақсы емес екен). Наурыз айындағы сапарларыңыздан бас тартып, үйде жақындарыңызбен бірге болыңыздар», – деп кеңес берді блогер.
Аида Ким артынша олардан анализ алынғанын айтты. «Мұрыннан мазок алды, тамырдан қан алды. 4-5 күн күтіңдер деді», — дейді Аида.
Осыған байланысты блогер билікке өтінішін жемткізді.
«Мен өзімнің және жалпы қоғам игілігі үшін қанша болса да карантинде отыруға дайынмын. Ешқандай жағдайда дүрбелең жасауға тырыспаймын. Тек іште болып жатқан нәрселерді көрсеткім келеді. Биліктің бізге ашық болғанын қалаймын. Адамдарды карантинге алып бара жатқанда қайда және қанша күнге екенін айтса екен деймін. Дәрігерлерге де дұрыс ақпарат берсеңіздер екен. Өйткені қарапайым сұрақтарға олар да жауап бере алмай жатыр», – деді Аида.
Еске салсақ, 13 наурызда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирустың алғашқы екі жағдайы тіркелгенін мәлімдеді. 1974 жылы туған ер адам мен 1984 жылы туылған әйелден табылды. Коронавирус жұқтырған алғашқы қазақстандық Германиядан Қазақстанға 9 наурызда келген. Онымен бірге ұшқан 73 жолаушы табылып, карантинге жіберіледі. Екінші инфекция жұқтырған адам 12 наурызда келген.
stan.kz