«Германияда жүрегі тоқтап көз жұмды»: Алматыда айыпталған бас дәрігердің әйелі мән-жайды айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыдағы №4 қалалық аурухананың бас дәрігері мен анестезиологы қамауға алынғаннан кейін, президентке ашық хат жазып, іске араласуын сұраған Қанат Тезекбаевтың жұбайы мән-жайды айтып берді. Оның сөзінше, күйеуі аяқ астынан қамауға алынып, тіпті кепілдікпе босап шығуына тыйым салынған. Ал еліміздің денсаулық сақтау министрлігіндегілер дәрігерлердің тұтқындалуына себеп болған қалалық ПД басшысы Серік Күдебаевтың қайтыс болған ұлының мәйітіне сот-медициналық сарапатама жасалмағанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Полиция басшысы ұлының өлімінен соң: №4 аурухананың дәрігерлері неліктен тұтқындалғаны белгілі болды

№4 қалалық аурухананың бас дәрігерінің жұбайы Дина Тезекбаеваның сөзінше, Нұрсұлтан Күдебаев квадроциклден құлап, салдарынан жауырыны мен бұғанасы сынған екен. Осыдан кейін күйеуі оған ота жасаған. Алайда туыстары ауыр жағдайда жатқан жігітті Германияға алып кеткенімен, ондағы дәрігерлер де көмек бере алмай, Нұрсұлтан ес жимастан бақилық болыпты.

«Нұрсұлтан Күдебаевтың өлімінен соң күйеуімді №4 қалалық аурухана бас дәрігері қызметінен аяқасты босатып, қамауға алды. Тіпті кепілдікпен шығаруға тыйым салып тастады. Нұрсұлтан Күдебаевтың бұғанасы мен жауырына ота жасалғанда менің күйеуім тек ассистенттердің бірі болды. Одан бөлек, Күдебаев жүрегі тоқтап қайтыс болған. Ал ота оның бұғанасы мен жауырынына жасалды», — дейді Дина Тезекбаева.

Сонымен қатар ол тергеушілердің Тезекбаевтың салғырттық танытқанына және Күдебаевтың ұлының өліміне кінәлі екеніне дәлел келтіре алмаған.  

Алайда тергеу мәліметтері өзгеше. Соттың тағайындаған бұлтартпау шарасында Нұрсұлтанның өліміне дәрігерлердің тікелей қатысы бар деп көрсетіліпті.

«Осы тұлғалар ҚР ҚК 317 бабы 3 бөлігімен, яғни медицина жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы, яғни абайсызда адам өліміне әкеп соққан ісәрекеттер бабы бойынша күдікті боп табылады», — дейді қалалық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Диас Махамбетов.

Ал еліміздің денсаулық сақтау министрлігіндегілер Нұрсұлтан Күдебаевтың денесіне сот-медициналық сараптама жасалмағанын мәлімдеді. Алайда тәуелсіз сарапшылар аурухананың медициналық құжаттарын тексеріп, қорытындысы тергеушілерге берілген. 

«Марқұмның денесіне сот сараптамасы тағайындалмаған. Бізге ата-анасынан өлім себебін анықтап беруді сұрап ешкім өтініш түсірген жоқ. Сондықтан тергеушілердің талабы бойынша медициналық құжаттар тексеріліп, алдын ала қортынды жасалған. Бұл тексеріске біздің комитет араласқан жоқ», — дейді ДСМ тауарлар мен қызмет көрсету сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталған аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев тұтқындалған еді. Артынша аурухананың тағы бір дәрігері қамауға алынды. Олар «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің өз кәсіби міндеттерін тиісті түрде орындамауы» бабы бойынша айыпталып отыр. Медициналық қызметкерлер Серік Күдебаевтың ұлының өлімі үшін айыпталған дәрігерді қорғап жатыр.

Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы дәрігерлердің қамауға алынғандығынан хабардар екенін, сондай-ақ, өзіне бағытталған хатты оқығанын жеткізді. Осыдан кейін аурухананың бас дәрігері тергеу изоляторынан босатылды.

stan.kz