Германия Өзбекстандағы өзгерістерге сүйсіне қарайды

0

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 28 мамырда Ташкентте өткен келіссөз кезінде екіжақты серіктестікті талқылады.

Келіссөзден соң Мирзияев «Штайнмайердің бұл сапары екі ел қатынасын жақсарта түседі» деді. Штайнмайер постсоветтік елдің қазірге даму бағытына оң баға беріп, «Берлин Өзбекстандағы саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге аса құрметпен және сүйсіне қарайды» деді.

«Германия елді өзгертуде сенімді әрекет етуге шақырады, бұл бағытта сізді қолдаймыз» деді президент. Штайнмайердің Ташкентке сапарлап келуі ондаған жыл елді оқшаулап басқарған авторитар президент Ислам Каримовтың қазасынан соң 2016 жылы Өзбекстан президенті болған Мирзияевтің елді басқа бағытқа бет бұрғанының көрінісі ретінде қарастырылады.

Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы Штайнмайер Ташкентке сапарлап бармас бұрын «Германия президенті Өзбекстандағы өзгерістерге оң баға беруі керегін, бірақ [Мирзияевке] мұның ұзақ жолдағы кішкентай қадамдар екенін айтуы тиіс» деген.

Ұйым жазуынша, біраз жетістігіне қарамастан Өзбекстан авторитарлық елдер қатарынан шықпаған. «Қауіпсіздік қызметінің өкілеті әлі де күшті. Адамдарды заңсыз ұстау, қинау, қамауда отырғандарды азаптау туралы хабарлар әлі де түсіп жатыр» деп жазады Human Rights Watch.

Azattyq