генерал-майор оқиғаның мән-жайын айтып берді
Қысқа сілтеме алу
Полигондағы оқиғаны ішкі істер министрлігінің тергеу тобы тергеп жатыр. Қаралып жатқан болжамдардың бірі – әскери қызметшінің қауіпсіздік талаптарын бұзуы
НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Қорғаныс министрлігі Қарулы күштері Бас штабының орынбасары, генерал-майор Әділбек Алдабергеновтың «Бекет-Ата» полигонында болған жағдайға қатысты түсініктеме таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Қолдағы бар мәліметіміз бойынша 2019 жылдың 17 шілдесінде өткізетін сабақ кестесіне сәйкес, «Бекет-Ата» оқу-жаттығу полигонында жеке құраммен арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Байланысшы, мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Кошелев байланысшыларға жабдықты көрсету үшін оқу-жаттығуға тартылған болатын. Ешқандай жауынгерлік тапсырманы орындауы тиіс емес еді. Сабаққа даярлық жүргізу кезінде Кошелев бұйрықсыз оқ-дәріге жақындап, Ф-1 гранатасын қолына алды», — дейді Алдабергенов.
Оның айтуынша, Кошелев гранатаның жарылғыш мұрындығын тартып, тетігін іске қосқан. Ал дыбысын естігеннен кейін радиостанцияның астына салған.
«Кошелевпен бірге борышын өтеп жүргендердің айтуынша, жауынгерлік граната екені ескертілген. Жарылыс салдарынан радиостанция маңындағы қатардағы жауынгерлер Кошелев пен Жаманбаев жарақат алды. Жақын маңдағы басқа әскери қызметшілер зардап шекпегенмен, оларға да қауіп төнген. Зардап шеккен Кошелев пен Жаманбаевқа барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді», — деді генерал-майор.
Гранатаның жарылу фактісі бойынша ішкі істер министрлігінің әскери тергеу басқармасы бірден қылмыстық іс қозғады. Залалдың шығыны да есептелді.
«Келтірілген залалдың орнын толтыру талабына қатысты мәселе қорғаныс министрлігінің құзіретіне жатпайды. Шешімді сот қабылдайды. Сонымен қатар, 2019 жылдың 23 шілдесінде әртүрлі деңгейдегі жауапты командирлерге қатысты қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», — дейді Алдабергенов.
Айыппұл төлеуі мүмкін
Айта кетейік, әскери қызметшінің қауіпсіздік талаптарын бұзғаны расталса, оған алты миллион теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та осы мәселеге қатысты өз пікірін айтқан. Оның айтуынша, қаралып жатқан болжамдардың бірі – әскери қызметшінің қауіпсіздік талаптарын бұзуы.
Министр егер бұл болжам дәлелденсе, әскери бөлімнің сарбаздан келтірілген шығынды қайтаруды талап етуге құқығы бар. Ермекбаев бұл мәселе тергеу аяқталғаннан кейін нақты қаралатынын айтты.
Оқиға қалай болды
Оқиға осы жылдың 17 шілдесінде болған еді. Маңғыстау облысындағы полигонда өткен оқу-жаттығу кезінде граната жарылып, № 99116 әскери бөлімнің екі сарбазы зардап шекті. Кошелев қолы мен көзінен айырылды. Екінші сарбаз Бейбарыс Жаманбаевтың анасы президентке хат жазып, осы оқиғаны жеке бақылауға алуды сұрады.
sputniknews.kz