Гей екенін үлкен мақтанышпен айтады: Қазақстандағы ең танымал гей нағыз қазақ отбасынан ЛГБТ шықпайды дегендерге жауап берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстандағы ЛГБТ-ұйымының мәселесін көтеріп жүрген Әмір Шайкежанов гей екенін үлкен мақтанышпен айтады. Ол Stan.kz тілшісіне каминг-аут жасағаннан кейін не өзгергенін, Қазақстанда гомосексуалдықтың қашан пайда болғанын, елімізде гей болудың артықшылықтарын айтып берді. 

Еліміздегі ЛГБТ ұйымының белсенді мүшесі өзінің гей екенін жасөспірім кезінде түсінген. Апа-атасының қолында тәрбиеленген Әмір туысқандарының тарапынан болмысы үшін қысым көрмеген. Ең алғаш рет сырын ата-анасымен бөліскенде, олар бұл жәйттың ана мен әке махаббатына бөгет болмайтынын айтқан. Әдетте баласы гомосексуал екенін білген ата-ана “Ішіне жын кірді, жынды болып қалды” деген сынайлы сылтаулармен гей, лесбияндарды емдеуге тырысады. Әмірдің айтуы бойынша, ата-анасы мен жақындары оны емдеуге тырыспаған, керісінше жеке басының қауіпсіздігі үшін қобалжыған.

“Қорыққанға қос көрінеді дейді ғой, ата-анам мен туыстарым өмірім үшін алаңдап, маған бірнәрсе болып қалады ма деп уайымдап, ЛГБТ жайлы ашық айта бермеуімді сұрады”, — дейді кейіпкеріміз. 

Каминг-аут жасағаннан кейін не өзгерді?

Жұмыста 250 адамның 2-і амандаспай қойды. Мүмкін жолым болған шығар, бірақ айналамда өшпенділікпен қарағандар болған жоқ. Менің ойымша, Қазақстандай көпұлтты, мәдениетке бай, түсінігі мол халықтардан құралған мемлекетте адамдар бір-біріне себепсіз қоқан-лоққы көрсетпейді. Өзге адам үмітімізді ақтамағаны үшін қатыгездік танытатын халық емеспіз. Әрине, әлеуметтік желілерде дөрекі сөздер жазып, артық әңгіме айтатындар көп. Дегенмен менің ойымша, негативтің үлкен толқыны ЛГБТ, феминизмнен емес, қоғамдағы қысымнан туады. Билік осының салдарынан туған мәселелерді шешуге тырыспайды. Билікке көңілі толмаса, полиция жүйесіне сенім арта алмайтын адам өкпесін ЛГБТ-ға төгеді. Сондай-ақ ЛГБТ-ны қолдамайтындар, оларға қарсы ешқандай  дөрекілік танытпайтындар бар. Алайда, олар гейлер жайлы өтірік аңыздарға сенеді және аңыздарға қарсы ақпаратты естуге дайын емес. Гейлер болса, адамдар да соған еліктеп кетеді деген сандырақты жоққа шығаруға тырысып жатырмыз. 

Қазақта гомосексуалдылық ешқашан болмаған, сыртқы елден келген құбылыс дегенге қатысты көзқарасыңыз қандай?

Сексуалды бағдарлық  — белгілі бір ортаның мұрасы емес. Гомосексуалдар әр ұлттың арасында болған. Бұл кез-келген уақытта еркін көрініс табатын нәрсе. Қазақ тілінде қызтеке, еркекшора деген сөздердің бар болуы гомосексуалдықты мензейді. 

Әйтсе де, нағыз қазақ жанұядан ЛГБТ шықпайды дегенге сенушілер қатары аз емес.

Қазақтілді ортада рухани құндылық, ата-бабадан қалған дәстүр берік сақталып келеді. Қазақи қағидаларды берік ұстанатын гетеросексуалдардың арасында өскен ЛГБТ өзінің өзге екенін айта алмай, жасырып жүруге мәжбүр. Мұндай жағдайда ол тығырықтан шығу үшін не істеу керектігі жайлы ақпаратты да ала алмайды. Өйткені мемлекеттік тілде ЛГБТ туралы мәлімет біздің сайтты есепке алмағанда жоқтың қасы. Ақпарат тапшылығынан халық арасында сауатсыздық әлі де бар, адамдар вакуумде өмір сүретін сияқты. Маған орыс тілінде сөйлей алмайтын, бірақ сексуалды бағдарлық жайлы сұрақ қойып жазатындар көп. Көбінесе олар ары қарай қалай өмір сүретінін білгісі келеді. Араларында ВИЧ-тің не екенін білмейтіндер бар. Бірақ бұл мәселені қалай шешуге болатынын әзірге білмеймін. 

Біздің қоғамда басқалардан ерекшеленуге болмайды деген талап бар. Қоғам ойлап тапқан нормалардан шығуға рұқсат жоқ. «Жұрт не дейді?» деумен үндемей, шынайы болмысын көрсетпей жүргендер қаншама? Бетперденің артына сезімдерін жасырған соң, олардың жан-дүниесінде не болып жатқанын білмейсіз. Мен көптеген лесбияндарды, гейлер мен бисексуалды адамдарды білемін. Барлығы қоғамның, туысқандарының қысымынан дәстүрлі отбасы құруға. Сүйіктісімен неке құрмағаннан кейін мұндай жанұядат бақыт болады деп айта алмайсың. Ұзақ уақыт бойы біздің санамызға гетеросексуалды болмау, өзгелерден ерекшелену, біреудің көңілінен шықпау дұрыс емес екенін құйып келгені сонша, біз ұйымымызды көрсетпей, үндемей өмір сүргеніміз жөн деп ойладық. Бірақ бірнеше жыл бұрын бірқатар белсенді батылдық жинап, өз құқықтарын қорғай бастады. Бұл өзге ұйым мүшелеріне ойды анық, айқын жеткізуге, жасқанбауға көмектесті. Қазір ЛГБТ-ның бар екенін ешкімнен қорықпай ашық айтатындардың саны артқан. 

Уақыт өте келе гетеросексуалды адамдардың гомосексуалды сезімдері оянуы мүмкін бе?

Психологияның қатаң ережесі жоқ. Бірақ менің ойымша,  ешқашан гомосексуалды сезімі болмаған адам кенет өзгеріп кетпейді. Сексуалдық деген нүкте емес, үлкейетін әрі кішірейетін диапозон. Сізге біреу ұнайды, екі жылдан кейін ұнамай қалады. Бұл — табиғи, қалыпты жәйт. Алайда, кейбір адамдар қызық үшін қалыпты жайттан бас тартып, эксперименттер жасап тұрады. Нақтырақ айтқанда, жай ғана қызығушылығы оянып, өзі секілді ер адам мен немесе әйел адаммен төсектес болады. 

Қазақстанда гей болудың жақсы тұстары бар ма?

Жақсы өмірден, қолайлы жағдайдан болмаса да шымырлана түстік. Жақсысы сол. Күш-қуатымыз артып, кей кездері өзімізді өте күшті сезініп кетеміз. Менің ойымша, кейбір қалаларымызда қолдау көрсетуге дайын  ұйымдар орналасқан. 

Ұл-қызы ЛГБТ екенін айтса, не істерін білмей, балаларынан бас тартып жататындар да бар… 

Бірден екі әлемнің құлдырайтыны аянышты. Баланың және оның ата-анасының өміріне сызат түседі. Ұл-қызының жасы он бесте бола ма, отызда бола ма, маңыздысы бұл емес. Ол ата-анасымен келісімге келуге тырысуы керек. Өкінішке орай, бұл барлығының қолынан келе бермейді және мұндай оқиғалардың барлығы жақсылықпен аяқталмайды. Екі тарапқа да қолдау қажет. Осындай қиындықтан өткендердің ақыл-кеңесі, көмегі әке-шешесімен арадағы қарым-қатынасты сақтап қалуға себепші бола алады.

Гомосексуалдылық ауру ма?

Мұндай ауру жоқ, сондықтан ол емделмейді. Аурудың халықаралық жіктемесі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отыз жыл бұрын гомосексуалдықты аурулар қатарынан алып тастаған. 

Ендеше гомосексуалдылық жайлы сіз естіген ең бұрыс тұжырымдамалар қандай? 

Гомосексуалдық деген — кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлау. Бұл өте бұрыс пікір. Педофилия мен гомосексуалдылық бір-біріне жат. Екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Зорланған балалардың статистикасына қарасаңыз, бұл қылмысқа көбінесе баланың жанұясына жақын гетеросексуалды ер адамдардың баратынын түсінесіз. 

Гейлер міндетті түрде қыздар секілді киінеді, ал лесбияндар ұл сияқты жүреді деген теріс түсінік бар. Гомосексуалды адамдар бақытты, баянды өмір сүре алмайды деген тағы да бұрыс пікір бар. Гетеросексуалдардың жанұясында ғана берік махаббат болады деп ойлаған адам қателеседі. 

Қазақстандағы ЛГБТ ұйымының негізін қалаушы, көшбасшысы болу сіздің өмірімізде қандай орын алады?

Менің ойымша, біз — алғаш негізін қалаушылар мен көшбасшылардан  құралған топпыз. Ең бірінші рет сұхбат бергенімде қорыққаным рас. Дегенмен әлі күнге дейін беріп келе жатқан сұхбаттарымнан кейін адамдардың қолдауына бөленіп келемін. Біздің қоғамда негативті пікір білдіретін, дөрекілік танытатын кішкентай топ бар. Біреу гейлерді жек көретінін айтуы мүмкін, ЛГБТ жаман, одан аулақ болу керек деп ойлайтын шығар. Бірақ бетпе-бет сөйлесіп: «Мен геймін, мені өлтіргің келе ме?», — деп сұрайтын болсақ, «жоқ» деген жауап аламыз. Осыдан қоқан-лоққының барлығы сөз жүзінде екені байқалады. Мен Қазақстан гомофобиялы ел деген пікірмен келіспеймін. Ақпараттың жетіспеушілігінен гейлер өзгепланеталықтар болып көрінеді. Ал негізінде ЛГБТ сабағына, жұмысына барып жүрген қарапайым адамдар. Менің ойымша, қазақстандықтың әрқайсысы өзгеге емес, өзіне зер салуы тиіс, отандастарын ойлауы қажет. Егер мен қазақ бола тұра Қазақстаннан қолдау таппасам, мұндай мемлекеттің қажеті қанша? Елімізде ЛГБТ өмір сүруге лайықты емес деп шешетін болсақ, соңы жақсылықпен аяқталмайды. 

ЛГБТ-ға арналған комьюнити не үшін керек және ол қалай жұмыс істейді?

Орталықтың басты мақсаттарының бірі — ЛГБТ ұйымына өзін жайлы сезінетін қауіпсіз мекен беру. Ол жерде ұйым мүшелері бір-бірімен танысып, араласуы үшін әлеуметтік шараларды ұйымдастырып, пайдалы ақпаратпен бөлісеміз. Орталықтың ішінде кинокештер өтеді, кітапханамыз бар. Орталықта жұмыс істейтіндердің барлығы — ЛГБТ ұйымды қолдауды мақсатына айналдырған еріктілер. 
 

stan.kz