Газетіміздің ең егде оқырманы — Шәукей Жұқанұлы
Ұлттың үніне айналған басылымның дәл осы сипаттағы бір оқырманы Қарағанды облысындағы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінде тұрады. «Егемен Қазақстанның» ең егде оқырманы. Бұлай деп кесіп айтуымызға қадірменді қарияның жүзден асқан жасы ғана емес, ел газетінде не жарияланғанына әлі күнге дейін құлақ түріп отыратын ежелгі дағдысы негіз бола алады. Құдай қаласа, ата басылымның ақсақал оқырманы Шәукей Жұқанұлы 15 қаңтарда 104 жастың белесін бағындырмақ.
Ақсақалдың кіндік қаны тамған жер – бұрынғы Қарқаралы уезіндегі Ақшатау болыстығының 10-шы ауылы. Қазіргіше айтқанда, Шет ауданының Қарабұлақ ауылы. Болашақ ұстаз осы жерде 1915 жылдың қақаған қысында дүниеге келіпті.
Шет өз алдына аудан болып 1928 жылы құрылғанда, орталығы әуелде Қызылеспе, содан кейін Қарабұлақ дейтін жерлерде болған. Өзінің алғаш мектеп табалдырығын аттап, тіл сындырған кезін Шәукей ақсақал былай деп есіне алады: «Ортакөн деген жерде екі бөлмелі, қуықтай ғана мектеп үйі болды. Тақтай еден деген атымен жоқ, төбесі тал-терекпен жабылған, сырты қара лаймен сыланған қоржын үйде бес-алты парта, сосын қара тақта ғана болды. Ол кезде кітап-дәптер деген қат еді. Бір кітапты таласа-тармаса бәріміз жабылып оқитынбыз. Мұғаліміміз Сейділда Сәдуақасов деген кісі болды. Осы жерде екі жылдай латын қарпімен сауат аштым…».
Шет ауданының орталығы 1930 жылы Ақсу-Аюлыға қоныс аударған соң, бала Шәукей Құмжон ауылындағы Бадан деген кісінің қоржын үйінде оқуын жалғастырады. Тумысынан зерек бала оқуға келгенде қамшы салдырмаған. Өзі құралпы балалардың ішінде білімге деген ынтызарлығымен көзге түсіп, ұстаздарының үміт еткен шәкірттерінің бірі болады.
Оқысам-тоқысам деген бір ғана мақсаттың жолына түскен жалынды жас 1937 жылы Ақмоладағы педагогикалық училищеге түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан.
Шәукей Жұқанұлы соғыс жылдары аудандық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет етті. 1943 жылдан бастап үш жылдай аудандық соғыс комиссариатының мобилизациялық әскери басқармасында жауапты қызметте болғандықтан, әскер қатарынан бронь арқылы босатылған. Ал 1948 жылдан бастап бар саналы ғұмырын бастауыш сыныптарға сабақ беруге арнады. Ұлағатты ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі зая кетпеді. Алдынан мыңдаған шәкірт түлеп ұшты. Олардың арасында қоғам қайраткері Қасымбек Медиев, академик ғалымдар Баян Рақышев, Жамбыл Ақылбаев, қарымды қаламгер Рымқұл Сүлейменов, ғалым Серік Негимов, жазушы Кәмел Жүністегі, профессор Мұхаметқали Әбдуов, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері Рахымбек Рысбеков, қылқалам шебері Бейбіт Мұстафин және басқа да есімдері елге мәшһүр азаматтар бар.
Шәукей Жұқанұлы ұстаздық ете жүріп, қаламын қолынан тастамай, республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі басылымдармен қарым-қатынасын үзбеген зиялы адам. Ол кісінің өлке тарихына, ұлт тәрбиесіне қатысты ойлы мақалалары газет-журнал беттерінде үзбей жарияланып келді. 2011 жылы өзінің жүріп өткен өмір жолына шолу жасап, «Тәбәрік» атты кітап жазды. Бұл туындысында қазыналы қарт қазақ халқының азаттығы үшін жан аямай күрескен ерлердің ерен істерін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, сонымен қатар Шет ауданының өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген азаматтар туралы да зор сүйіспеншілікпен қалам тербеген.
Газет дегеннен шығады, Шәукей ұстаз «Егемен Қазақстан» газетіне өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап үзбей жазылып, кәрілік жеңіп, көзден қалғанша бір де бір санын құр жібермей оқыған тұрақты оқырман. «Мен оқи бастағанда «Егемен Қазақстан» газеті «Социалды Қазақстан» деген атаумен латын әліпбиінде шығатын. Ол кездегі бас редактордың Айтмұхамед Мусин екендігі есімде қалыпты», деп еске алып отырады ақсақалдың өзі. Қарияның бертінге дейін «Егеменнің» тігіндісін жинап, соған өзінің қымбат қазынасы есебінде қарап келгенін балалары да растайды. «Біздің ес білгелі көргеніміз – үйдің түпкі бөлмесінде газет тігінділері тұтас қабырғаны алып, қаланып тұратын. Әкей қолы қалт еткенде, сарғайып кеткен әлгі газеттерді ерінбей ақтарып, оқып отыратын», дейді Шәукеңнің ұлы Рахат. «Атамның жады өте мықты, – дейді отыз жылдан астам уақыт қарияның қас-қабағын бағып келе жатқан келіні Алма. – Әлі күнге дейін ештеңеден жаңылыспай, естелік айтып отыратынына қайран қаламыз. Тіпті, шәкірттерінің қай жерде, қандай қызметте жүргенін де есіне сақтап алған».
Шәукей Жұқанұлы кезінде өзімен үзеңгі қағыстырып жұмыс істеген әріптестерін құрметпен еске алып отырады. Әсіресе, сонау 30-шы жылдардан бері қызметтес болған Жұматай Құтжанов, Хасен Сәрінжіпов сынды ардақты азаматтар туралы айтқанда ерекше тебіреністі күйге түседі. Хасен Сәрінжіпов демекші, бұл кісі Шет ауданының оқу-ағарту саласындағы алғашқы қарлығаштардың бірі болды. 1936 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған. Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, одан кейін мектеп директоры, ауатком төрағасының орынбасары болып көп жыл қызмет істеді. Ардагер ұстаз Төменгі Қайрақты орта мектебінде зейнеткерлікке шыққанша абыроймен еңбек еткен. Бүгінде осы мектеп Хасен Сәрінжіповтің есімімен аталады. Бұл кісінің кезінде еліміздің Білім және ғылым министрі болған Аслан Сәрінжіповтің туған атасы екенін де айта кеткен жөн.
Шәукей Жұқанұлы мен зайыбы екеуі сегіз бала өсіріп, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған. Бүгінде ақсақалдың бәйбішесі, «Алтын алқа» иегері Нұрғиза ана өмірден озған. Екеуінің бауырынан өрбіген ұл-қыздан 23 немере, 27 шөбере және 1 немене көрді. Қазір ақсақал кіші ұлы Рахат пен келіні Алманың қолында тұрады. «Жасы келген адам ғой, бұл күнде әкеміздің құлағы ауыр естиді, көз нұры да тая бастаған», дейді балалары. Десе де, көпті көрген қария күнделікті болып жатқан хабар-ошарға кәдімгідей елеңдеп отырады екен. Балалары да қарияның көңілін жықпай, «Егемен Қазақстан», «Орталық Қазақстан» сынды газеттердің қызықты деген мақалаларын дауыстап оқып беріп тұратын көрінеді.
«Меніңше, – дейді Шәукей ақсақалдың ұзақ жылдар ұстаздық еткен Гүлмира есімді қызы, – әкеміздің көп жасағандығының сыры оның ерекше мейірбандығында болса керек. Ол кісі ашу шақырып, адам баласына дауыс көтерген жан емес. Үнемі күлімсіреп, айналасына шуақ шашып жүреді». Ал Шәукеңнің аталас інісі, этнограф-жазушы Төрехан Майбастың мына пікірі де көп жайттан хабар берсе керек. «Ауданымыздың, өңіріміздің абыз шалы осы кісі. Ауызының дуасы бар адам. Өмірінде осы кісінің дәрменсіздік танытқанын көрген емеспін. Жасы келіп отырса да таяқ ұстамайды. Ешкімге сүйенгісі жоқ. Масылдық пиғылдан таза ада. Сенсе тек өзіне ғана сенеді. Екі айдың арасын ұштастыратын өліарасы болады. Шәукей ақсақал да сол сияқты. Екі ұрпақты жалғастырып тұрған алтын көпір іспетті», деп жазған екен бұрынырақтағы бір мақаласында белгілі қаламгер.
Шәукей Жұқанұлының жарты ғасырлық ұстаздық қызметі мемлекет тарапынан лайықты бағасын алған. КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі, «Шет ауданының құрметті азаматы» сынды атақтары бар. «Республикаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың құттықтау хаты да қарт ұстаз мақтан тұтатын құрмет белгісінің бірі.
Ұстаз Шәукей Жұқанұлының 100 жасқа толған мерейтойы 2015 жылы аудан көлемінде кеңінен аталып өтті. Сол кездегі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен оның орынбасары Есенғазы Иманғалиев Ақсу-Аюлыға арнайы келіп, Премьер-Министрдің орынбасары қол қойған құттықтау хатты тапсырып, қарт ұстаздың иығына оқалы шапан жапқан болатын. Бұл – өзінің бар ғұмырын бала оқытуға, ұлтқа ұстын боларлық ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ардақты жанға көрсетілген лайықты құрмет еді.
Көзі тірісінде «Ұстаздардың ұстазы» деген құрметті атаққа ие болған Шәукей ақсақалды Арқа жұрты қадір тұтады. Облыс басшылығы, білім саласының тізгінін ұстаған азаматтар мұғалімдердің жыл сайынғы мәртебелі мерекесінде Шәукей Жұқанұлы сынды шәкіртінен шарапатынан аямаған аяулы жанның алдында сый-құрметтен аянбайды. Былтыр да ұстаздардың ұлық мерекесінде қадірменді мұғалімге «Білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» аталымы бойынша облыс әкімінің сыйлығы – 1 миллион теңге табыс етілді. Қазақстанның қарт ұстазы, «Егеменнің» ең егде оқырманының бұл сыйлықты өз аяғымен барып алғанын дәтке қуат ете отырып, жүз жасаған жайсаң жан арамызда дін аман жүре берсе екен деп тілейсің!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Шет ауданы
Дереккөз: http://egemen.kz/