Гауһар Әлімбекованың жазасы жеңілдеуі мүмкін

0

Ақшаны алған жоқпын — Әлімбекова.

Белгілі әнші-сазгер Гауһар Әлімбекованың жазасы жеңілдеп, бостандығы 3 жылға шектелуі мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Алаяқтық бабы бойынша 6 жылға сотталған әншіге қатысты апелляциялық сот отырысында прокурор осындай жаза сұрады. Алайда сот залында ағынан ақтарылған өнер адамы ешкімнің ала жібін аттамағанын айтады. Тіпті сотқа сүйреген 3 жыл ішінде шығармашылық тоқырауға түстім дейді ол.

Гауһар Әлімбекова:

— Бұл ақшаны маған табу қиын емес. Екі концерт бола ма, үш концерт бола ма, концертті жасап, сол ақшаны құятын едім, егер кінәлі болсам. Сол үшін 3 жылдан бері шығармашылығым тоқырап, менің де денсаулығыма нұқсан келді. Ақшаны алған жоқпын. Ұлы екеуі келісіп алып солай жала жауып отыр маған.

Естеріңізге салсақ, алаяқтық жасады деп айыпталған әнші қаңтар айында сотталған еді. Жәбірленуші Бақыт Назарованың айтуынша, бірнеше жыл бұрын жақын құрбысы болған эстарада өкілі тұрғынүй кешенінен үй алып беремін деп, одан 40 мың доллар алыпты. Алты жылдан бері үй тұрмақ ақшасын қайтара алмаған ол соңында сотқа жүгінеді. Ал бүгін Алматыда үкім күшіне енгенше қолхатпен бостандыққа шыққан Гауһардың апелляциялық шағымы қаралды. Сотталушының адвокаттары Әлімбекованың өзі де алданғанын алға тартып, оны ақтауды сұрап отыр. Келесі сот отырысы сәуірдің 2-сінде өтеді. Бірақ қалтамнан санап берген қаржыны қайтармайынша алған бетімнен қайтпаймын деген Назарова, әділдік іздеп жүргенін айтады.

Бақыт Назарова, жәбірленуші:

— Менің берген ақшамның кірген ізі бар, шыққан ізі жоқ. Сондықтан Әлімбекова өзінің 38 мың долларын менің 40 мың долларыммен орнынан түсіріп алды да, толық алаяқтық жасады деген уәж айтып отырмыз.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

kaz.zakon.kz