ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ ҒАЛЫМ

0

Қазақстан қоғамы ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан бері елеулі де
маңызды әлеуметтік өзгерістерді бастан өткізіп келеді. Қоғам алдында бір
жағынан тәуелсіздіктің салмағы басым болса, екінші жағынан жетпіс жылдай
тұрақтанып қалған әлеуметтік қатынастар мен байланыстар, адамдардың
мінез-құлықтары мен әлеуметтік ұстанымдары қайта жағартуды қажет етті.
Осы Қазақстан әлеуметтану ғылымы дамуының басында көптеген ғаоымдар
тұр. Солардың бірегейі – социология ғылымдарының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультеті,
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс каферасының құрметті меңгерушісі,
Қазақстан социологтарының ассоциациясының вице-президенті, Қазақстан
социологтары ассоциациясының Академигі Кеңес Үмбетжанұлы Биекенов
екені анық. Биыл 85 жылдық мерейтойын қарсы алып отырған, еліміздің
социология ғылымдары саласына, қазақстандық әлеуметтану мектебінің
қалыптасуына зор үлес қосқан ғалым Кеңес Үмбетжанұлының әлеуметтану
ғылымын дамытудағы орнына көз жүгіртсек…
Әлеуметтік ғылымдар саласында айрықша орны бар ғалым 1993
жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы Әлеуметтану және әлеуметтік
жұмыс каферасының іргетасын қалап, Қазақстанның әлеуметтануы
мектептерінің дамуына белсенді атсалысқан орны зор тұлға.
К.Ү.Биекеновтың басшылығымен 10-нан астам ғылым докторы мен 30-дай
ғылым кандидаты дайындалды. Олардың барлығы дерлік қоғамда белгілі
азаматтар. Мерейтой иесі еңбегінің нәтижесінде республикамызда
әлеуметтанудың келесі бағыттары: қоғамның әлеуметтік құрылымы, саяи
әлеуметтануы, экономикалық әлеуметтану, жастар әлеуметтануы, отбасы
әлеуметтануы және т.б. қалыптасып, одан ары даму үстінде.
К.Ү.Биекенов 2005 жылы «Жоғары оқу орындарының озық
оқытушысы» грантын иеленді. Грант шеңберіндегі жеткен жетістіктері оның
осы кезге дейінгі әлеуметтанулық ізденістерін тереңдетуге мүмкіндік берді.
Ғалымның 400-ге жуық мақаласы мен 10-ға жуық монографиясы, сол
шамадағы оқулықтары мен оқу құралдары, социологиялық сөздіктері –
Қазақстанда әлеуметтану ғылымының дамуына қосқан зор үлесі болып
табылатыны анық. Сонымен қатар, Кеңес Үметжанұлы 2006-2009 жылдар
арасында жүзеге асырылған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының
«Әлеуметтану» секциясын басқарып, «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» 10
томдығының жарыққа шығуына да өлшеусіз еңбек сіңірді.
Ғалым 37 ғылыми жобаға, соның ішінде 13 халықаралық жобаға
қатысқан. Солардың ішінде К.У. Биекеновтің жетекшілігімен жүзеге асқан
«Сорос қоры» қаржыландырған «Орыс тілді халықтардың Одақтас елдерден
Ресейге миграциясы» (2002-2004 ж.ж.), «Жастардың тілдік әлеуметтенуі»
(2006-2009 ж.ж.), «Білімнің қазақстандық моделі: халықаралық тәжірибе
және ұлттық дәстүрлер» (мамыр-қыркүйек 2011ж), «Қазақстандық даму
үлгісінің философиялық-мәдениеттанымдық парадигмасы (Қазақ елі –
жерұйық)» (2011 ж.), «Ғаламдану тұрғысындағы қазақстандық өркениет және

мәдени бірегейлік жолдарын іздестіру (2009-2011ж.ж.) жобаларын ерекше
атауға болады.
Ғалымның өмірлік жолы – Қазақстандағы әлеуметтану ғылымының
қалыптасуымен тікелей байланысты. Оның есімі – еліміздегі әлеуметтану
саласымен егіз. Бұл жерде ұстаздың шәкірттерге берер тәрбиелік қырларын
да атап өту керек. Ғалым өз мінез-құлқымен, ойларымен, адамға деген,
әсіресе жастарға деген ерекше көзқарасымен, ізеттілігімен ерекшеленеді. Қай
мәселені де парасатты болжап шешу, адамға сыйластықпен, құрметпен қарау
Кеңес Үмбетжанұлының басты өмірлік ұстанымы. Ғалым өзінің
ұстамдылығымен, адамға деген сенімділігімен, қарапайымдылығымен,
жастардың бойындағы шертпе сымды дәл байқай білуімен – маңызды.
Ол кісінің шыдамдылығына қайран қаласың. Бұл тұрғыдан алғанда
ғалым «ғасырлар тоғысындағы тұлға осындай болсын» деген сипаттамаға сай
келеді. Кеңес Үмбетжанұлы уақыт ағымынан, уақыт талабынан қалмай келе
жатқан тұлға. Үнемі ізденісті, жаңалыққа құштарлықты да осы кісінің
бойынан таба аламыз.
Кеңес Үмбетжанұлы рухани ой-өрісі бай, адамгершілігі мол,
тәлімгерлік тәсілі көп, мейірімді де ізетті ұстаз ғана емес, сонымен бірге
отбасында қадірлі әке, ата. Жұбай екеуі 55 жылдық отбасылық өмірде Серік,
Жалғасбай атты екі ұл, Сауле атты бір қыздан олардан Никара, Сержан, Мая,
Айдана атты төрт немере сүйіп, қазақстандық қоғамға білгір азаматтарды
алып келген бақытты жандар. Отбасындағы әке үлгісі балаларының,
немерелерінің бойынан байқалады.
Кәсіби және қоғамдық қызметі жоғары марапатталған К.Ү.Биекенов
«ҚР білімінің құрметті қызметкері», «ҚР білімін дамытуға қосқан үлесі
үшін» төсбелгілерінің иесі. Заманауи оқулықтар дайындаған еңбегі
А.Байтұрсынов атындағы медальмен бағаланып, ғалым «Әлемдегі
бейбітшілік үшін» халықаралық дінаралық федерациясы медалімен,
«Бейбітшілік елшісі», Стамбул университетінің құрметті профессоры
атақтарымен марапатталған.
Кеңес Үмбетжанұлы Биекенов – ұшан-теңіз талантын қоғам мен
мемлекет пайдасына бағыттаған, өз жолын дұрыс таңдаған бақытты
адамдардың бірі. Сондықтан, уақыт қалай өзгерсе де мұндай тұлғалар
әрқашан сұранысқа ие болып қала бермек.

Мансия САДЫРОВА,
соц.ғ.д., әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың профессоры