Ғасырлар бойы армандаған азаттық
Өз басым тәуелсіздіктің алғашқы жарияланған сағаттарында куә болдым. Сол күнгі мақтанышымызда, төбеміз көкке екі елі жетпей қалған қуанышымызда шек жоқ еді. Тәуелсіздік алғанға дейін ойымыз бұғауда, тіліміз байлауда болды. Біз осыны жан жүрегімізбен сездік. Сондықтан тәуелсіздік алу көлденең келген қуаныш емес, біздің қанымызда ғасырлар бойғы сақталып келген сезім.
Тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында еліміздің Президенті маған да үлкен бір жүкті артқан еді. Сол кездегі қаны шығып тұрған ең өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік тіліміздің жай-күйі болатын. Егемендік алған мемлекеттің алғашқы әрекеттерінің бірі – қазақ тілін өзіне лайық дәрежеге көтеру еді. Қаражаттың аз, жоқшылықтың дендеп тұрған кезі. Осы уақыттың өзінде, тіліміздің құрып кетуге шақ тұрған жағдайында ел Президенті Тіл комитетін құрып, үлкен шешімге барды. Менің бағыма сол Тіл комитетіне тұңғыш төрағалық ету жазылыпты. Алғашқы жылдар арпалысқа, күреске толы болды. Алғашқы күндерден бастап өзіміздің аты-жөнімізді ұлттық сипатқа айналдыру басталды. Комитеттің алғашқы бес жылдағы атқарған жұмысы мемлекеттік тілдің түбінде биікке шығатынын айқындап берді. Осы жолда жүздеген шаруа істеліп, халық болып жұмылдық. Әсіресе зиялы қауым мемлекеттік тілдің өркендеуіне ойымен де, ісімен де үлес қосты. Қиындыққа мойымадық, «таң атпайын десе де күн қоймайды» дегендей тәуелсіз мемлекеттің сара жолы тіліміздің дамуына ерен жол ашты.
1993 жылы алғаш рет Түркия біздің Президентімізді тәуелсіз мемлекеттің басшысы ретінде шақырған болатын. Сол сапарымызда Түркияның халықаралық әуежайында Президент ұшағы келіп қона қалғанда, Тұрғыт Өзал зайыбымен қарсы алды. Ал Анкара көгінде гүрсілдей атылған зеңбірек үні мен әуелей шырқалған Қазақстан Әнұраны көңілімізге шаттық сыйлады. Тебіренбей көріңіз! Тәуелсіздіктің арқасында кереметтей игіліктерге қол жеткіздік. Сары даланың төсінде ғажайып қала орнаттық. Бұл да біздің Президентіміздің ерік-жігері мен қайраткерлігінің арқасында болған дүние. Астананың әр ғимаратының салыну тарихы менің көз алдымда күні кешегідей сайрап тұр. Сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов бастаған топ Ақмоланы аралауға шықтық. Жаңа астанаға қоныс аудару туралы әңгіме енді-енді айтылып жатқан кез еді. Сол жолы қаладағы мәдени орталықтардың арасынан іліп алар 4-5 ғимараттың өзінің жай-күйі кетіп, тоза бастаған. «Қалай болар екен» деп абыржыдық, алаңдадық. Тарих үшін қас-қағым сәтте, айналдырған жиырма жыл ішінде Астана қалай көркейіп шыға келді! Қаладан орын тепкен ғажайып ғимараттар мен концерт залдары, театр орындары әлемдегі үздік мәдениет ошақтарымен бой таластырады. Сөзімді қорытындылай келе, мынаны айтқым келеді, «Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», – деп нақты міндет қойған Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық болмысқа баса назар аударып, бірнеше міндетті айқындап берді. Ұлттық дәстүріміз бен тарихымызды табысты жаңғырудың алғышарты ету алдағы жылдарымызға серпін беретін идеологиялық бағыт ретінде қабылдаймын. Ғылымға да, мәдениетке де табанды еңбекпен үлес қосу зиялы қауымымыздың ең үлкен міндеті деп ойлаймын.
Сұлтан ОРАЗАЛИН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Дереккөз: http://egemen.kz/