Ғасыр ұрлығына Сталиннің  қатысы бар ма?

0

Бүгін, яғни 21-желтоқсан – Иосиф Виссаринович Сталиннің туған күні. 1879 жылы туған. ХХ ғасырдың ең зұлым тирандарының бірі. «Кобадан сәлем» атты деректі фильмде Иосиф Джугашвилидың  (Сталин) өткен ғасыр басындағы қылмыстық қайраткерлігі тыңғылықты зерттеліпті. Кавказдың қылмыс  әлемінде Кобаның (Сталиннің бұрынғы лақап аты) беделі  аса зор болған.  Ең алғаш рет ол демонстрацияға қатысқаны үшін темір тордың дәмін татыпты. Батуми түрмесінде саяси тұтқындарды «сындыру» үшін баскесерлерді  пайдаланған.  Бірақ Кобаны ешкім сындыра алмайды. Сынбақ түгілі Сталин көп ұзамай заңды ұрылардың өзін  тегіс бағындырып, қылмыс әлемінің серкесіне айналады.

Сөйтіп, жазасын толық өтемей қашып құтылған ол қол астына кавказдық қылмыстық топты жинап, банк тонаумен, ақша ұрлаумен  айналысады. 1907 жылы Ленин Сталинді Берлинге шақырады.  Екеуі келісімге отырады. Кавказдық қылмыстық  топ  үлкен ақша тауып  оны Ленинге өткізіп тұруы керек. Сталин техникалық жағына жауап береді. Ал негізгі жүкті түрмеден қашып шыққан Симон Тер-Петросян (лақап аты – Камо) өз мойнына алады. 1907 жылы 13 маусым күні Тбилисиде атты казактардың күзетуімен үлкен ақша алып келе жатқан экипажға  жан-жақтан бомба жаудырылып, барлық казак сеспей қатады. Тонаушылар төрт миллион патша рублін қақшып алып кетеді.  Бұл қылмыс ғасыр ұрлығы ретінде тарихқа енген!  Ал әлгі қанмен келген ақша Финляндияға Лениннің саяжайына  аттандырылған. Қылмыскерлердің ізіне түскен Ресей полициясы  барлық әлемдік банктерге ұрланған банкноттың нөмірін  жібереді. Осылайша әлгі ақшамен  Максим Литвинов (кейін ол Кеңес Одағының сыртқы істер халық комиссары болған)  тұтқындалады. Берлинде Камо қолға түседі… Партиялық кассаны тікелей  өз бақылауында  ұстап отырған  Ленин жеке өзі шешім қабылдап,  Сталинді ОК-тің құрамына кіргізеді.  Әлемдегі ешқандай банк әлгі ұрланған ақшаны ауыстырмайтыны белгілі болған соң, Ленин мен Крупская  қып-қызыл бес жүздіктерді амалсыз пешке жағады…

Әлгі айтылған ғасыр ұрлығына Сталиннің тікелей қатысы бар ма? Мұндай күдік бар. Бірақ мұны растайтын, не теріске шығаратын нақты құжат жоқ. Сталин түрменің дәмін әлденеше рет татқан әккі қу болған, өз өмірінде 6 рет сотталып, 5 рет темір тордан қашып шыққан. Тбилисиден соң ол Баку қаласына  келеді. Ғасыр басында  Бакудың мұнайдың буынан басы айналып тұрған кезі.  Қарулы баскесерлер қаланы өзара бөліске салып алған. Коба ол бандиттердің бәрін өзінің жаңадан құрылған тобына шақырады. Полиция  мұрағатындағы  құжаттар бойынша,  сол кездері ұрланған ақшаның саны үш миллионға жетіпті.  Бакудегі мұнай магнаттары Сталинге өте ірі көлемде салық төлеп тұрған, өйтпеген жағдайда терроршылар  Сталиннің бұйрығымен мұнай скважиналарын жағып жіберіп отырған.   Коба бандысы жасаған ең ірі қылмыс 1908 жылы «Император Николай Бірінші» параходын басып алу болған.  Полицей формасында жасырынып келген Сталин өз жасағымен  кемедегі сейфтен миллионнан аса рублді алып, катерге мініп тайып тұрады. Мұнай магнаттарының зәресін алған адам жиырма жылға жетпей әлемдегі алып империяны  билеп-төстейді.

29 жыл тақта отырған Сталиннің болмысын екіге жарып қарасақ, бір жағында миллиондаған жазықсыз өз халқын атып-асқан  қанды қол қанішер тұрады, ал екінші жағында қара қылды қақ жарған әділ,  үстінен жыртық шинелін тастамаған  аса халықшыл тұлға, Шолохов пен Булгаков секілді классиктердің қамқоршысы, әдебиет пен өнерді бағалаудың асқан шебері. Біз бүгін Сталиннің болмысын осы  екінші жағынан қарастырып көрмекпіз.

Сталин билік басына келгенде  өгізге жеккен соқамен жер жыртып жүрген кедей ел 29 жылда әлемдік деңгейдегі аса қуатты әскери-индустриялық державаға айналған.   Патшалы Ресейдің сауатсыз халқы тез арада әлемдегі көзі ашық, ең білімді  халықтардың бірі болып шыққан. Кеңес халқы 41 миллион адамға көбейген.

Жез мұрт көсемнің тұсында КСРО-да 1500 ірі индустриалық объекті тұрғызылыпты. Соғыстан күйреп шыққан елдің өнеркәсібі 1947 жылы толық қалпына келтірілген. Ал 1950 жылы 1940 жылмен салыстырғанда екі есе жоғарылаған. Әлемде осынша қысқа уақытта мұндай жетістікке жеткен бірде-бір ел кездеспеген. 1947 жылы СССР карточкалық жүйені планетада  соғысқа қатысқан елдер ішінде бірінші болып алып тастапты. Соғыстан кейінгі бес жылда негізгі азық-түлік екі есеге арзандапты. 1948 жылдан 1953 жылға дейін халық кең түрде тұтынатын азық-түлік пен тауарлар тек қана арзандап отырған. Жұмысшылардың айлық жалақсысы 1953 жылы 800-ден 3000 рубльге дейін жеткен. Шахтерлер мен металлургтар 8000 рубльге дейін жалақы алған. Жұмысты жаңа бастаған  инженерлер 1300 рубль алған. Ауданнның бірінші хатшысы 1500 рубль алса, профессорлардың, академиктердің  жалақысы 10 000 рубльге жеткен. Салыстыру үшін айтсақ, сол кезде «Москвич» автокөлінің құны 9000 рубль болыпты. Мұның бәрі  5,5 миллион бақайшығына дейін қаруланған  әлемдегі ең озық армияны ұстап тұруға  ешқандай кедергі келтірмеген.

Әлемдегі ең бірінші атом электрстансасы КСРО-да  Англиядан бір жыл бұрын, АҚШ-тан екі жыл бұрын  іске қосылған. Осылайша Сталиннің тұсындағы КСРО капиталистік державалармен қатаң әскери-саяси қақтығыс жағдайында тұрып-ақ 1946-1950 жылдары  негізгі үш әлеуметтік-экономикалық мәселені шешкен: 1) халық шаруашылығын қалпына келтіру. 2) тұрғындардың өмір сүру деңгейінің ұдайы  артуын қамтамасыз ету. 3) болашаққа экономикалық секіріс жасау. Бар-жоғы бес жылдағы жетістік! Кейінгі КСРО Сталин қалыптастырып кеткен осы мұраның арқасында ғана өмір сүрді деуге болады.

АҚШ президенттігіне  кандидат болған Стивенсон сталиндік өндірістің қарқыны сақталған жағдайда 1970 жылы КСРО өндірісінің көлемі АҚШ-тан төрт есе артық болатын еді деп бағалаған екен. 1953 жылы-ақ КСРО-ның экономикалық қуаты АҚШ-тан 2-3 есе артық болғанын  шетелдік зерттеушілер мойындаған.

1991 жылы болған кеңестік-америкалық симпозиумда  кеңестік демократтар «жапонның экономикалық таңғажайыбын»  аузының суы құрып тамсанып айтқанда, жапон миллиардері Хероси Теревама: «Сіздер, орыстар, 1939 жылы ақылды болдыңыздар, ал біз жапондар ақымақ болдық. 1949 жылы сіздер бұрынғылан да ақылды болдыңыздар, ал біз жапондар әлі ақымақ едік. 1955 жылы біз ақыл жия бастадық, ал сіздер бес жасар балаға айналдыңыздар. Біз бүкіл экономикалық жүйемізді сіздерден көшіріп алғанбыз, біздің бүкіл фирмаларымызда сталиндік кезеңнің лозунгілері ілініп тұр» депті.

Жез мұрт көсем өлгелі 65 жыл өтсе де, тірі тышқандар өлі арыстаннан әлі күнге қорқады…

Төреғали ТӘШЕНОВ

 

«Қамшы» сілтейді