«Гарант 24 Ломбардтың» құрылтайшысы Кишиневте ұсталды

0

«Гарант 24 Ломбард» компаниясының құрылтайшысы Аслан Мырзабеков 29 ақпанда Кишинев қаласында ұсталды. Тергеу одан «қаржы пирамидасын құрып, оған жетекшілік етті» деп күдіктеніп отыр. Кишиневте Молдова полициясы қолға түсірген күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр деп хабарлады Қазақстанның ішкі істер министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, 21 ақпан күні Ақтөбеден шыққан Аслан Мырзабеков Орынборға, одан әрі Мәскеу арқылы Кишинев қаласына жетіп алған. Сол жерде оны Молдова полициясы ұстаған.

27 жастағы Аслан Мырзабековке 21 ақпан күні халықаралық іздеу жарияланған еді. Одан бір күн бұрын яғни, 20 ақпанда «Гарант 24 Ломбард» компаниясының Ақтөбедегі кеңсесін тінткен полиция 11 мыңға жуық салымшымен жасалған келісім-шартты тапқан.

Ақтөбеде «қаржы пирамидасын құрды» деген айып ақпан айының басында Gold компаниясы құрылтайшыларына да тағылған болатын. Бұл іс бойынша Ресейдің екі азаматы биыл 8 ақпан күні тергеу изоляторына қамалды. Полиция Gold компаниясы кеңсесінен 16 мың адаммен жасалған келісім-шарт тапқан.

28 ақпан күні Қазақстан мен Ресей шекарасында «Выгодный займ» компаниясының құрылтайшысы Жанболат Есіркепов те ұсталды.

Қазірге дейін полиция Қазақстанда «қаржы пирамидасын құрған» 16 адамды қамауға алып, тағы 9 адамға іздеу жариялаған.

Бұл компаниялар тұрғындарға микронесие берумен айналысқан. Полицияның болжамынша, компания есепшотына 300 мың теңге алғашқы жарна салушыларды олар «ай сайын 35-48 пайыз өсім болады деп сендірген». Сондай-ақ, жылжитын және жылжымайтын мүліктер саудасымен де айналысқан.

Бұған дейін Қазақстанның бірқатар қалаларында «қаржылық ұйымдарға алдандық» деген тұрғындар биліктен мәселелерін шешіп беруді талап еткен.

Былтыр Ақтөбеде «заңсыз қаржы пирамидасын құрды» деп айыпталған Қуаныш Жақсыбеков 6,5 жылға сотталған.

Қарай отырыңыз: «Қаржы пирамидасы» сотындағы шу (Қаңтар айы, 2019 жыл).

Қазақстанның ішкі істер министрлігі тұрғындар шағымы бойынша «Гарант 24 Ломбард», «ESTATE Ломбард» және «Выгодный займ» компаниясы құрылтайшыларына қатысты 22 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Azattyq