Ғылымнан спортқа бет бұрған қазақ кім?

0
20

Қоғам белсендісі, промоутер Нұраддин Садық «Адырна» ұлттық порталына берген сұхбатында ғылымнан спорт саласына неге және қалай ауысқанын, қызығы мен шыжығы мол өмірі туралы айтып берді.

«Негізі бұрын филологияның магистратурасы, докторантурасында оқып жүрген кезде спортпен хоббиім ретінде айналысатынмын. Кейін бизнеспен де айналыстық. «Өзіңе ұнайтын іспен айналыс» деген қағиданы ұстана отырып, осы жолды таңдауға шешім қабылдадым. Сол кездегі ұнайтын әрі айналысатын ісім каратэ болатын.
Кейін оны кәсіпке айналдыруды шештім. Бір кездері шетелге миграцияға кету деген ой да болды. Себебі Дубайда компаниям болған. Сондықтан сол жақтан каратэ клубын ашуды жоспарладым. Әрекет етуді бастадым. Мейірбек есімді жақын досым болатын. Ол дәл осы идеяны Қазақстанда жүзеге асыруымды сұрап, қолқа салды. «Егер барлығы оңынан болып жатса, әлемдік аренаға да шығарсың» деді. Сонымен Алматыда клуб ашып, балалар тәрбиелей бастадық. Осы істі қолға алғалы спортқа бейім, бірақ әлеуметтік жағдайы төмен балалармен де таныс болдық. Қоғамның қарауынсыз қалған кейбір ағаларымызды да кездестірдік. «Осы азаматтардың барлығын жинап, оларға көмек қолын созып, дамытып, өмірден өз орнын табуға көмектесуіміз керек қой» деген ой келді. Сондықтан жағдайы төмен, діни ағымдардан адасып, қателескен, қылмыстық іске ұрынып, қоғамнан шеттетілген жастардың өмірге деген қызығушылығын арттыру мақсатында, олардың адам ретінде қалыптасуына ықпал етсем деген ниет туды. Осылай аралас жекпе-жекке келдім. Алғашқы қазақстандық промоушенда 2,5 жыл жұмыс істедім. Қатардағы қызметкерден басқарушы директорға дейін көтерілдім. Америкаға барып келген соң біраз зерттеп, қарап, концептуалды түрде өзгертуге болатынын байқап, іске кірістік.
Алғашында оңай бола қойған жоқ.  Жасыратыны жоқ, сеткасын да өзіміз құрып, қара жұмысын да өзіміз жасадық. Уақыт өте келе біраз адамдарды жұмысқа алып, осы күнге дейін жеттік. Сондағы негізгі мақсат — қоғамның елеусіз қалған әлеуметтік тобымен жұмыс жасау болды. Елге қызмет дегенің де осы шығар деп ойладым.  Көбісі сөгіп, әңгіменің астында қалдым. «Сені ғалым, сені идеолог болады деп ойласақ, ал сен жертөлеге дейін түсіп кеттің ғой» деп жатты. Әркімнің өмірлік мақсаты бар. Ал менің миссиям осы қадамдармен тікелей байланысты деп ойладым. Аллаға Шүкір, бұл сала бойынша тек Қазақстанда емес, Азияда беделді тұлғаға айналдым. Бастапқы мақсатым ақша табу болған жоқ. Отбасымның, жақындарымның аузынан жырып, бар тапқанымды осы жұмысыма әкеп салып отырдым. Жастар арасында турнир өткізуге, оларды шетелге шығаруға, оқу-жаттығу жиындарын жеткізуге барымызды салып жатырмыз. Әлі де алға қарай талпынатын боламыз».

Толық сұхбат: https://youtu.be/qM5gIyFfF3Q
Фото: prosports.kz