Ғалымдар «Қарамола жарғысының» түпнұсқасын тапты

0

Жарғы 1886 жылы Қазан қаласындағы бұрынғы император университетінің баспаханасынан арнайы басылып шыққан

НҰР-СҰЛТАН, 13 маусым – Sputnik. «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қызметкерлері Қазан қаласынан қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев жазған «Қарамола жарғысының» түпнұсқасын тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жарғы қалай табылды?

Қорық-музей директорының орынбасары Мейрамгүл Қайранбаева «Қарамола жарғысы» қалай табылғанын айтып берді.

«1986 жылы бұл университетке барған ғалымдардың есебінен заң жазылған кітапшаның нөмірін алып, сол бойынша іздедік. Бірақ ғылыми іссапар барысында кітапшаны университеттің каталогынан таба алмадық. Музей қызметкерлері «Закон составленный для жителей для Семипалатинска, қазақша ереже, закон» деп әртүрлі каталогтан әліпби бойынша іздеді. Бірақ нәтиже болмады. Содан университеттің кітапханасындағы оқу залына барып, қызметкерлермен сөйлестік. Осылайша, жарғы жазылған кітапты таптық», — дейді ол.


©
Foto : Фото Мейрамгүл Қайранбаеваның жеке архифінен

Мейрамгүл Қайранбаева «Қарамола жарғысы» қалай табылғанын айтып берді

Сонымен қатар «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары Қазан федеральді университетінен «Қарамола жарғысының» электронды түрдегі тұпнұсқасын алғанын атап өтті.

Абай жазған заң

Әңгіме барысында Мейрамгүл Қайранбаева бұл жарғыны Абай Құнанбаев билердің көмегімен жазғанын жеткізді.

«1885 жылдары Қарамола деген жерде қазіргі Шар қаласының (Жарма ауданы) маңайында билердің съезі өткен. Оларды шұғыл түрде шақыртқан. Себебі сол кезде ел арасында әртүрлі істерге қатысты дау-дамай көбейіп кетеді. Патшалы Ресейдің жергілікті жердегі билігі «ресейлік заңдарға әрі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен билер сотына қайшы келмейтін заң керек» деген шешім шығарады. Сол кездегі өңір басшыларымен сөйлескен кезде Абай Құнанбаев та осы ұсынысты қолдайды», — дейді ол.

Қайранбаеваның айтуынша, бұл съезге келген билер Абайды «төбе би» сайлаған.

«Сондықтан патшалы Ресейдің басшылары Абайға «бұл заңды өзіңіз жасаңыз» дейді. Сөйтіп, Абай Құнанбаев 74 баптан тұратын заңды (Қарамола жарғысы – Sputnik) жазып шығады. Бірақ оны Абай жалғыз өзі жазбаған. Ол съезге жиналған билермен кейбір баптарға байланысты пікір алмасты деген деректер бар. 3 күн өткен съезде жарғы билерге таныстырлып, заң қабылданды», — дейді Мейрамгүл Қайранбаева.

«Қарамола жарғысы» Қазанда басылды

1886 жылы Семей қаласының генерал-губернаторы Шиклинскийдің арнайы тапсырысымен «Қарамола жарғысы» сол кездегі Қазан император университетінің баспаханасынан кітапша болып басылған. Кітапша кейін билерге таратылған көрінеді.


©
Foto : Фото Мейрамгүл Қайранбаеваның жеке архифінен

«Қарамола жарғысының» түпнұсқасы

Мейрамгүл Қайранбаева «Қарамола жарғысы» жазылған кітапша Қазақстанның архивтері мен кітапханаларында сақталмағанын айтады. Осы күнге дейін қазақ ғалымдары Қазаннан бұл кітапшаның көшірмесін ғана әкеліп, сол бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіпті.

Заң нені реттейді?

Қорық-музейі директорының орынбасары бұл жарғы қазақ даласындағы түрлі тәртіп бұзушылықтарды реттеуге мүмкіндік бергенін айтады.

«Қарамола жарғысында «жесір қалған әйелдің әмеңгері болса, бірақ оған тұрмысқа шыққысы келмесе, онда жеке тұруына рұқсат» деген бап бар. Сондай-ақ ұрыс-төбелес, адам өлтіргенде құн төлеу мәселесін реттейтін бап кездеседі. Негізі ол бұрыннан болған, тек бұл жарғыда нақты жазылған: «Қасақана өлтірілген ердің құны – 100 түйе немесе 25 тайлақ, 25 құнан атан, 25 дөнен атан, 25 ұрғашы атан. Ал оқыс жағдайда ер адам өлтірілсе, оның құны – 25 түйе, 25 құнан немесе 25 ұрғашы атан төленуі керек деген баптары бар», — дейді Мейрамгүл Қайранбаева.

«Қарамола жарғысы» әлі де зерттелуі керек 

Бұл заң туралы естеліктер мен зерттеу жұмыстары көп жазылған, алайда онда қанша бап болғаны жайлы нақты мәлімет жоқ.

«Басылымдардың кейбірі «Қарамола жарғысында» 73 бап болды деп жазса, енді бірі 74 баптан тұрды дейді. Түпнұсқа осыны нақтылауға мүмкіндік береді. Біз кеше «қадым жазуды» оқитын ғалымдарымызды шақырттық. Олар бұл заң 74-баптан тұратынын айтты. Кеңес одағы кезінде идеологияға сәйкес келмей, бір бабын алып тастады ма, ол жағы белгісіз. Енді оны зерттеп анықтау керек. Заңның мәтінімен мұқият жұмыс істеу керек», -деп түйіндеді сөзін ол.

Естеріңізге сала кетейік, өткен айда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы жарлыққа қол қойды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Абайдың 175 жылдығын тойлау туралы жарлыққа қол қойды

 



sputniknews.kz