Ғалымдар COVID-19 симптомдары өзгергенін мәлімдеді

0

Лондон Корольдік колледжінің ғалымдары COVID-19-дың негізгі симптомдары өзгергенін мәлімдеді. Бұл туралы Mirror ұлыбританиялық газетіндегі мақалада айтылған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Басылым ұлыбританиялық колледж мамандарының зерттеуіне сүйеніп, коронавирус мутацияланғандықтан вирус жұқтырған адамда енді бас ауруы, жеңіл тұмау және тамақтың ауырсынуы байқалатынын хабарлаған.

Мұндай жаңалық ZOE қосымшасы арқылы анықталған, ол инфекцияның симптомдарын бақылауда ұстап отыратын бағдарлама. Сол қосымшаға сүйеніп, мамандар COVID-19 симптомдары мамырдан бері өзгергенін анықтаған.

Сонымен қатар, басылым мәліметінше, Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі коронавирустың негізгі симптомдары қызба, жөтел және дәм мен иіс жоғалуы деп санайды. Ал ДДҰ коронавирустың негізгі белгілері қызба, құрғақ жөтел және шаршау деп есептейді.

РИА Новости мәліметінше, Роспотребнадзор Орталық ғылыми-зерттеу институтының эпидемиология жөніндегі директорының орынбасары Наталья Пшеничная коронавирус белгілерінің негізгі спектрінің өзгеруі екі инфекцияның үйлесімімен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан.

Ол тамақтың ауырсынуы аденовирус инфекциясы мен COVID-19 комбинациясына көбірек тән екенін түсіндірді. Сонымен қатар, COVID-19-дың клиникалық көрінісіне маусымдық аллергия да әсер етуі мүмкін.