Ғалым Зардыхан Қинаятұлының «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты кітабы қайта басылып шықты

0

Тарихи-зерттеу жанрында жазылған еңбекте Жошы ханның тегі, балалық шағынан бастап қолбасшы, мемлекет қайраткері атанғанға дейінгі аралықтағы өмірі сөз болады. Автор моңғол, орыс, қытай, араб, парсы тілдеріндегі, Еуропа мұрағаттарындағы көптеген көне құнды деректі негізге ала отырып, қазақ даласындағы мемлекеттік үрдістің бастаулары, оның қалыптасуы, дамуы, жалпы қазақ мемлекеті туралы соны пікірлер ұсынды.

 

«Ғалымның айтулы еңбегінің дүйім жұрттың игілігіне айналуын оңды іс дей отырып, көкейтесті тақырыпты дер кезінде дөп басқан туындыны оқырман назарына ұсынуды парыз деп таптық. Қазақ елінің болашағы кемел, өскелең ұрпақтың рухы асқақ болуына осы тақылеттес еңбектердің берері арта түссін деген тілеуқор ниетпен көркемдеп тарту етіп отырмыз», — деп атап өтті Steppe and World баспасының басшысы Райса Сайранқызы Қадір.

 

Кітап «Меломан» және «Қазына» дүкендерінде сатылады. Сондай-ақ Steppe and World баспасына тікелей тапсырыс беруге болады.

Қосымша ақпарат:

 

Зардыхан Қинаятұлы (1940-2016) Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген. Моңғолия мемлекеттік университеті мен Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдаған. Тарих ғылымдарының докторы, профессор. 1990–1992 жылдары Моңғолия Үкіметінің вице-премьері және Моңғолия Парламентінің вице-спикері сияқты жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Коммунистік жүйе дағдарысынан кейінгі кезеңде Моңғолияда жүргізілген Конституциялық һәм саяси-экономикалық реформалардың құқықтық және теориялық негізін қалағандардың бірі.

 

Зардыхан Қинаятұлы Қазақстанға оралған соң ғылыммен айналысты. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қызмет етті. Медиавистика саласын деректік, теориялық-практикалық жақтан дамытуға күш-қайратын жұмсады. «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары», «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті», «Жылаған жылдар шежіресі», «Көшпенділік ғұмыр» және т.б көптеген еңбектің авторы.

 

* * *

 

 «Steppe & WORLD Publishing» баспасы балаларға арналған Жулия Дональдсонның «Ақын Қоян» және «Груффало», Джеф Киннидің «Тентек балақайдың күнделігі», Эрик Карлдың «Қомағай Жұлдызқұрт», Элен Дельфорждың «Мама», сондай-ақ «Анна Франктің күнделігі» секілді кітаптарды қазақ тіліне аударып, шығарған. 2020 жылы баспа Жоан Роулиңтің «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас», «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» кітаптарын ұсынды. Қазір «Хәрри Поттер» сериясына кіретін қалған бес кітап аударылып жатыр.

 

Байланыс мәліметтері және кітаптарға тапсырыс беру:

+7 700 246 35 30

raisa.kader@googlemail.com