Ғалым Боқаш АҚШ-қа қоныс аударды

0
165

Журналист, шығыстанушы Ғалым Боқаш отбасылық жағдайы әрі қызмет бабына байланысты АҚШ-қа қоныс аударды. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Жазбасы төмендегідей:

«Қадірлі Facebook-тағы ағайын, дос-жар, көз таныс һәм сөз таныс жәмиғат!

Бала кезімнен жиі еститін «Адамның басы – Алланың добы» дейтін мақалдың мағынасын соңғы жиырма шақты жыл ішінде әбден ұққандай болдым. Совет Одағының Қазақ ССР-інің Семей облысына арғы беттен көшіп келген екі үлкен әулеттің ортасынан шыққан, сол заманның өзінде орыс тілін енгізу саясаты сіңбей, іс жүргізу қазақша болған дәстүрлі ауылда өскен Қарабұлақтың қара домалақ баласы едім. Бес жасымнан қазақша әріп танып алып, бас алмай кітап оқыдым. Батырлар жырынан бастап, қазақ-совет классиктеріне бір-ақ түстім. Алакөлде құлаштап жүзгендей әсерге бөлендім. Жеті жасымнан орысша үйреніп, ақ-қара түсті телевизорымызды көруге келген көрші-қолаң үшін тәржімешіге айналдым һәм «Күміс ғасырдың» ғажайыптарын, Батыс әдебиетінің орыс тіліне аударылған кейбір жауһарларын тани бастадым. Каспийге қайықпен шыққандай болдым. Қазақстан тәуелсіздік алып, кеудеміз кеңіп, жолымыз ұзарып, армандаған Алматыма жетіп, қиялымдағы ҚазҰУ-дің шығыстануына түсіп, урду мен хиндиге ден қойғанда Парсы мен Бенгал шығанағы һәм Араб теңізін айналып шыққандай таң-тамаша қалдым. Кейін Ұлыбританияға сапар шегіп, әлемнің үздік университеті Оксфордта оқығанымда, академиялық бостандық принциптерімен жазылған зерттеулерді, шығармашылық еркіндік рухында жазылған көркем туындыларды күні-түні парақтағанда телегей теңіз, шексіз мұхитқа кемемен шыққандай күй кештім.

Оқыған-тоқығанымды Қазақстанда қызметте жүргенімде көптің пайдасына жаратуға тырыстым. Соңғы сегіз жыл, сегіз ай Прагадағы халықаралық медиа компанияда әріптестеріме тәжірибем мен білімімді ұсынып, өзім де жаңадан көп дүние үйреніп, елде сөз бостандығын һәм мультимедиа журналистика үлгілерін насихаттау үшін біраз күш салдым. Енді отбасымның жағдайы, болашақ зерттеу жұмысы мен қызмет ыңғайына орай АҚШ-қа қоныс аударып бара жатырмын. Бұрылып соңыма көз салсам, бағып-қаққан әке-шешемнің, құлдыраңдап қасымда өскен қарындасымның, Тәңір тағала үзеңгі жолдас қылған небір жақсы мен жайсаңның жүзін көрем, демеуін сезем, дұға-тілегін естимін. Дүниеден озғандарын дұғамнан қалдырмаймын. Соңғы бірнеше апта бойы қимай қоштасып, жүрекжарды сөздерін айтып жатқан Астана, Алматы мен Прагадағы әріптестеріме алғысым зор, құрметім ерекше. Жақсылыққа һәм жарыққа ұмтылуыма себеп болған осындай бір тумаса да, жаны туыс болып кеткен жақсы һәм жарық жандар екенін білем, ұмытпаймын, қадір тұтам, шексіз сүйем. Құдай қосқан жарымның көңілін бүтін етіп, қос қызымның білімін ұштап, денсаулығын сақайту үшін осындай шешім қылуға тура келді. Қайда жүрсем де, қазақ тіліндегі ақпарат пен мәдени кеңістіктің ажырамас бөлшегі болып қала беретінім, сол кеңістікті дамытуға және кеңейтуге үлес қоса беретінім анық. Алдағы аптадан бастап әлеуметтік желілерге кіруім сиреп кетеді. Сол себепті хат-хабар үшін [email protected] деген жеке поштам бар екенін ескертем.

Жаңа жылдарыңыз құтты, бақты-берекелі болсын!

Баршаңызға деген ізгі тілекпен,

Ғалым Боқаш»

***

Айта кетейік, 2017 жылы Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұйымдастыруымен өткен Алаштың 100 жылдық тойында Алаш арыстарының ізбасарлары арнайы медальмен марапатталған еді. Халықтың интернетте дауыс беруі арқылы жүздікке кірген тұлғалардың бірі – Ғалым Боқаш.

Қазақтың болашағы, тәуелсіздігі үшін еңбек еткен өр тұлғаға Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұжымы сәт сапар тілейді!

«Қамшы» сілтейді