Ғалым: Айтарын айтып алып, Қазақстанға жақсы қараймын дегені – Никоновтың екіжүзділігі
Ресей парламентінің депутаты, тарихшы Вячеслав Никоновтың Қазақстанның солтүстік облыстарына қатысты мәлімдемесі қазақ қоғамында қызу талқыланып жатыр. Қарапайым халықты айтпағанда, ҚР Сыртқы істер министрлігінен бастап Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, тарихшылар – барлығы пікір білдіріп үлгерді. Мәселен, сенатор Мұхтар Құл-Мұхамед Никоновқа өз жауабын беріп, «Бұл – миллиондаған қазақ пен орыстың тарихи танымын қорлау» деген бағасын берді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Бұл мәлімдемеге қатысты Никоновтың әріптестері де пікір білдіріп жатыр. Атап айтсақ, РФ Мемлекеттік Думасында «Справедливая Россия» фракциясының мүшесі Олег Шеин бұл мәлімдемені қате айтылған деп отыр.
«Біріншіден, бұл Никонов айтқандай емес. Одақтас елдердің шекарасын нақтылау туралы шешімді КСРО басшылары қабылдаған, ал ол – республикалардың үстінен қарайтын орган. Біздің әріптесіміз қате пікірге жол берген. Екіншіден, енді бізге жетпегені Нұр-Сұлтанмен жүз шайысып, қарым-қатынасты бұзу еді…», — деді депутат. Бұл туралы REGNUM ақпарат агенттігі жазды.
Бүгін даулы мәлімдеменің авторы В.Никонов өзінің Telegram-каналында жұма күні Бірінші арнаның тікелей эфирінде айтқан мәлімдемесіне түзету енгізгенін жазды. «Меніңше Қазақ КСР-нің шекарасын айқындау кезінде Қазақстанның мүддесі толыққанды сақталған және ол қазіргі Қазақстан Республикасының шекарасы», — деп жазды Дума депутаты.
Ресей тарихшысы, ғалым Виктор Козодой да Қазақстан ғана емес, Ресей қоғамында да қызу талқыланып жатқан тақырыпқа қатысты өз пікірін білдіріпті. Ол Facebook желісіндегі өз парақшасында тарихи деректерге сүйене отырып, Қазақ мемлекеттілігіне дау жоқ екенін жазды.
Десе де, Azattyq Rýhy тілшісі қазақстандық саясаттанушыларға хабарласып, дауға тамызық болған ресейлік депутаттың мәлімдемесіне қатысты пікір сұрады.
Саясаттанушы Максим Казначеев бұл мәселеге терең бойлағысы келмейтінін айтып, қысқаша жауап берді. Ол тікелей эфирге спикердің дайындықсыз келгенін айтты.
«Иә, біріншіден, тікелей эфир. Бұл адамның ол жерге дайындықсыз келгенін айтуға болады. Енді оның ақырын байқап отырмыз. Әдетте тәжірибе көрсеткендей, мұндай жағдайда ешқандай зардап болмайды. Қазақстан нота жіберумен шектеледі, ары қарай қандайда бір қадам болады деп ойламаймын», — дейді саясаттанушы.
БҰЛ – ЕСЕППЕН, ОРТАҒА ӘДЕЙІ ТАСТАЛҒАН ОТ
Қазақстан саясаттану және философия институты директорының орынбасары, ғалым Серік Нұрмұратов керісінше, бұл дайындықсыз, жәй айтыла салған көзқарас дегенмен келіспейді.
«Осының алдында ғана Қазақстан Ресейге қосылуы керек деген сөздерді де естідік. Жириновский, Солженицыннан бері келе жатқан саясат жалғасын тапты. Бұл – империялық сананың бір көрінісі. Бұл – елдің кейбір тарапта саясаты жүзеге аспай жатқанда, оның орнын осылай толтырып отыратын әдеті. Санкцияның астында экономикалық дамуы әлсіреп отырған Ресейді байқадық, Арменияға байланысты өзінің позициясын әлсіретіп алғанын көріп отырмыз. Сол себепті Никоновтың мәлімдемесін кездейсоқ деп қабыламау керек, – дейді саясаттанушы. – Неге ол тікелей эфирге шығып, барлығы өз құлағымен еститін деңгейде мәлімдейді? Бұл – алдын ала есептелген, қалай болар екен деген пиғылмен ортаға тасталған от. Айтарын айтып алып, артынан Қазақстанға жақсы қараймын дегені – саясаткердің екіжүзділігі. Саясаткер дипломатияның нормаларын ұстануы керек. Жоғарыдан төмен қараушылық бар, «олар кім», «қалалары болмаған» деген ойды қозғап отыр. Үлкен ұлттың өзінен аз халыққа көрсететін үстемдігі тарихта болған. Мен мұны саяси көрсоқырлық, ортағасырлық көзқарас дер едім. Ресейдің қазір ең жақын деген екі республикамен ғана достығы бар. Ол – Қазақстан және Беларусь қана. Басқасының бәрі алшақтап кетті. Соны біліп тұрып, осындай қадамға барса, түптің түбінде бұл Ресейдің оқшаулануы мен ішкі ыдырауына алып келеді», — дейді Серік Нұрмұратов.
Әлемнің дамыған елдері 1994 жылы Будапешт қаласында резолюция қабылдап, ешқандай елдің территориялық тұтастығына нұқсан келмеуі керек деп келіскен. Бұл құжатты Ресей бұзып отыр дейді спикер.
НИКОНОВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ РЕСЕЙ БИЛІГІНЕ ДЕ ҰНАМАЙ ҚАЛДЫ
Азия зерттеу инситутының директоры, Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын терең зерттеп жүрген ғалым әрі саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков бұл – Ресей пропагандасының кезекті ойыын және Бірінші арнаның ток-шоуында жасалатын «хайп» қана деген баға берді.
«Никонов өте білімді, тарих ғылымдарының докторы, ол Ресейдегі ең таңдаулы тарихшылардың бірі. Оның 1917 жылғы революция бойынша жазған тарих тақырыбындағы кітабы көп оқылады. Ток-шоу форматының өзі қазіргі заман тілімен айтқанда «хайп жасауды» көздегені көрініп тұр. Сондықтан мұндай ток-шоуларда Жириновский қаншама мәлімдемелер жасап жатады. Десе де, Вячеслав Никоновтың айтқаны жалпы алғанда, сонда айтылған әңгіме форматына томпақ келіп тұрды. Бірақ осы ойдың артында кім тұрғанын көзі қарақты жұрт біледі. Бір шетінен бағдарламаға дайындықсыз келген адамның өзіне есеп бермей айта салған пікірі де болуы мүмкін», — дейді саясаттанушы.
Жалпы, Ресейдің интеллектуалдық ортасында Никонов айтқандай ой-пікірлер бар, оны ешкім жасармайды. Мұндай радикалдық бағыттағы қисық пікір кез-келген қоғамда болады. Мұндай мәселеде мемлекеттік қайраткер мәлімдеме жасап отырған соң, реакцияның болуы, мазасыздықтың болуы заңды.
«Қазақстан тарапынан реакция болды, себебі Никонов Ресей заң шығарушы органының белді мүшесі. Оның үстіне бұл мемлекеттік қызметкерлер тарапынан жасалып отырған алғашқы мәлімдеме емес. Ал осындай ойды Жириновский айтса, оның маргеналдық тұлға екенін ескереміз де, айтарлықтай мән бермейміз. Тіпті Ресейдің өз ішінде де оның айтқандарына күлкімен қарайды. Ал мұнда Никонов мемлекет қайраткері жасайтын мәлімдемелер рамкасынан шығып кетті», — дейді Сұлтан Әкімбеков.
ҚАЗАҚ ТАРИХШЫЛАРЫ ҚАЛҒЫМАУЫ КЕРЕК, НАҚТЫ ДЕРЕКТЕРМЕН ЖАУАП ҚАТСЫН
«Осы жолы бұл Ресейдің билігіне де ұнамай қалған сияқты. Себебі Никоновтың өзі де ақталып жатыр, ал елдің мемлекеттік БАҚ өкілдері оның өзін айыптап, ақпараттар тарата бастады. Ресей тарихшылары бұл саясаткердің айтқанын сынап, бұл конфликт екі елге де қажет емес екенін ашық айтып отыр. Айналып келгенде, тарих ғылымының докторы деген атқа лайық мәлімдеме емес. Қазақстан Ресейге қарсылық нотасын жолдаған жоқ. Елшілік өкілін шақырып өзара сөйлесу форматын қолданды. Бірақ мемлекетіміз бұл пікірдің астарында пиғылдың дұрыс емес екенін байыппен жеткізуге тырысты. Бұл қалыпты. Дипломатиялық шеңберге сыйып тұр», — дейді С.Әкімбеков.
Сенатор Мұхтар Құл-Мұхамедтің жасаған мәлімдемесі әдеттегіден өзге болды.
«Жалпы айтқанда бұл жолы бір алаңдаушылықтың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Осы жерде айта кету керек, айтылған мәлімдемелер біздің тарихшыларымызға да үлкен сын. Шынайы тарихи деректер, зерттеулер ешқашан тоқатамауы тиіс. Дәл осындай шабуыл кезінде тарихшылар пулы болуы тиіс және олар нақты дәлелдермен жауап беруі тиіс. Үнсіз қалмау керек және тарихпен үнемі айналысып отыру керек, тарихшылар қалғымауы тиіс», — дейді қазақстандық саясаттанушы.
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІГІНДЕ ОТЫРЫҚШЫЛЫҚ БОЛДЫ, БҰЛ МӘЛІМДЕМЕ – ОЗБЫР САЯСАТТЫҢ ЖАЛҒАСЫ…»
Қазақстандық белгілі тарихшы, публицист-жазушы Бейбіт Қойшыбаев қазіргі қазақ жерінің барлығы қазаққа көне заманнан тиеселі екені тарихи тұрғыдан дәледенгенін айтады. Ал Ресей империясы өз аумағын жаулап алу арқылы кеңейткен. «Ортаршылықпен айналысты, әлі де сол пиғылдан арыла алмай келе жатыр» дейді ол.
«Енді кешегі Никоновтың аузынан шыққан сөзден соң, бұл елді сыйлаймыз деуі – бос сөз, алдау. Болшевиктер де, Ленин де тек алдаумен шұғылданды. Бұл сол «тарихты» жазған адам. Солтүстік Қазақстанда қазақтың тұрғылықты қалалары болмағаны деген де бекер сөз. Қазір қалалардың орны ашылып, зерттеліп жатыр. Бозоқ қаласын (Ежелгі қалашық. Шамамен 8 ғасырда болған. Жергілікті билеушінің ордасы саналған – авт.) алайық. Онда халықтың отырықшы болғаны анықталды. Сол сияқты өзге де мысалдар жетеді. Ғылыми деректер жеткілікті. Бірақ әрине көбі қазақ тілінде болған соң, осындай мәлімделемелер кезінде орыстілді саясаттанушылар оны ашып оқымастан, тарихшылар үнсіз отырады деп айыптай береді. Ресейдің қазіргі популистері жалаң, озбырлық пиғылынан айырылмаса, арты жақсы болмайды. Жер қазақтікі, кезіндегі Шыңғыс хан империясының, онан соң Жошыдан тарағанымызды айта аламын. Бұл таласқа түсетін мәселе емес», — деп жауап берді тарихшы Бейбіт Қойшыбаев.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы