Ғалым Абайдың ұмыт болған өлеңін тапқанын айтып сүйіншіледі

0

Өлеңнің ұйқасы тым қарапайым, ауыл ақындарының стилінде жазылған  

АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Абайтанушы ғалым Асан Омаров қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Жаңа закон» атты жаңа өлеңін тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ғалымның айтуынша, мұны алғаш рет қазақтың алғашқы археологы Әлкей Марғұлан тапқан, бірақ әдебиеттанушылар мойындамаған.

«Бұл бұрын табылып, ұмытылып қалған өлең. 1970 жылы академик Әлкей Марғұлан Омбы архивінен қазақтың ғалымы Шоқан Уәлихановтың досы Потаниннің құжаттарының арасынан Қозы Көрпеш Баян Сұлу эпосы мен «Жаңа Закон» өлеңін тауып алған. Кейін Алматыға келіп, жаңалықты қуана жариялайды. Бірақ ғалымдар жаңалықты мойындамаған», -деді ол.

Оның айтуынша, әдебиетшілер «өлеңді Абай жазуы мүмкін емес» деп Әлкей Марғұланды тоқтатып тастаған. Асан Омаров оның себебін түсіндіре кетті.

«Өлеңнің 3 шумағында Абай ақ патшаны мақтаған. Сонымен қатар өлеңнің ұйқасы тым қарапайым, қара өлең ұйқасымен жазылған, ауыл ақындарының стилінде. Осыны ескере келе, әдебиеттанушылар өлең қазақтың ұлы ақынының стиліне келмейді деген қорытындыға келген», — дейді ғалым.

Сонымен қатар ол «Жаңа закон» өлеңінің толық нұқсасын тапқанын атап өтті.

«Абай» энциклопедиясы бар. Онда «Жаңа закон» өлеңі туралы шағын ақпарат бар. Бірақ ол бұрын басылымдарда көп жарияланбаған. Ал «Жалын» журналы алғаш рет 1969 жылы шықса, «Жаңа закон» өлеңі мұнда 31 шумақпен 1971 жылы басылды. Жалпы өлең 34 шумақтан тұрады. 3 шумақ жоқ. Оны мен филолог, ғалым Серікбай Қосанның көмегімен таптым», — дейді абайтанушы.

Асан Омаров бұл өлеңді Абай жазғанына сенімді.

«Мен өлеңнің Абайдікі екеніне 100% сеніп отырмын. Себебі, мұндай өлеңді ешкім жаза алмайды. Абай болыс болған соң, тергеуге түскен. Өлеңінде генерал-губернатор, судья туралы толық жазып отыр. Екіншіден, сол уақытта Семей өлкесінде Абайдай орысша білетін адам болған жоқ. Абайтанушы ретінде оны нақты айта аламын», — деді ғалым.



sputniknews.kz