Ғабидолла Әбдірахымовтың өмірбаяны
Республикалық маңызы бар Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
2018 жылдың маусымында Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымов бұл қаланы 2015 жылдың тамызы мен 2017 жылдың қазаны аралығында да басқарған болатын.
Өмірбаяны
Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов 1975 жылы 23 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Кирово ауылында (қазіргі Түркістан облысы) туған.
Тағы оқыңыз: Үкіметтің жаңа құрамы белгілі болды
Білімі
1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдаған.
1997 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Германияға оқуға түсті. 1999 жылы неміс мемлекеттік басқару жоғары мектебінде магистр дәрежесін алды.
Қазақ, орыс, неміс және ағылшын тілдерін біледі.
Тағы оқыңыз: Халықтың ашуына тиген экс-министр: Мадина Әбілқасымова туралы қызықты деректер
Отбасы
Әкесі Рахматолла Әбдірахымов мамандығы бойынша – инженер. Анасы Анапия Майрихова – қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі. Отбасында бес ағайынды.
Үйленген, әйелі Данара Әбдірахымова. Әсел, Аделя, Алтынай есімді қыздары мен Әлихан есімді ұлы бар.
Еңбек өтілі
- 1996-1997 жылдары – Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде ассистент;
- 1999-2001 жылдары – Қазақстанның мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының кеңесшісі, бас маман, бөлім басшысы;
- 2001-2003 жылдары – мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары;
- 2003-2005 жылдары – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы;
- 2005-2008 жылдары – мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бірінші орынбасары;
- 2008 жылдың қаңтарынан 2008 жылдың қазанына дейін – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы;
- 2008 жылдың қазанынан – премьер-министр кеңсесінің басшысы;
- 2012 жылдың ақпанынан 2013 қаңтарына дейін – бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы;
- 2013 жылдың қаңтарынан – президент әкімшілігі басшысының орынбасары;
- 2015 жылдың тамызынан 2017 жылдың қазанына дейін – Шымкент қаласының әкімі;
- 2017 жылдың 31 қазанында «Нұр Отан» партиясының хатшысы болып тағайындалды;
- 2018 жылдың 20 маусымында Шымкент әкімі болып қайта тағайындалды.
Басқа қызметтері:
2001-2008 жылдары – «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектері қауымдастығының президенті;
2008 жылдың 17 қазаны – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ хатшылығының басшысы.
Тағы оқыңыз: Жаңа еңбек министрі: Бердібек Сапарбаев туралы деректер
Марапаттары:
2006 жылы «Құрмет» орденімен, 2008 жылы «Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталған.
Хоббиі
Хоббиі — шахмат. Сүйіп оқитын әдебиеті — тарих.
Ғабидолла Әбдірахымов туралы қызықты деректер
Ғабидолла Әбдірахымов ең алғаш Шымкентті Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып тұрған кезде басқарған болатын. Екі жыл ішінде әкім жаңашылдығымен, креативтілігімен көзге түсіп, қала тұрғындарының жүрегіне жол тапты.
Алғаш тағайындалған күні-ақ Әбдірахымов «Шымкентті тек Қазақстанда ғана емес, әлемдегі ең әдемі шаһарға айналдыруға» уәде еткен еді.
Сонымен қатар, ол Шымкент халқын велосипедке отырғызған басшы ретінде де танымал. 2016 жылы Әбдірахымов велостанцияны пайдалануға бірінші болып жылдық абонемент сатып алды. Кейін БАҚ-қа берген сұқбатында жұмысқа күн сайын велосипедпен баратынын айтқан еді. Биік өкшелі туфли киетін нәзік жандарға да өзінен үлгі алуға кеңес берді.
Бұған қоса, қол астындағыларға бір ай қызметтік автокөлікті пайдалануға тыйым салып, қоғамдық көлікпен жүруді тапсырды. Тұтас бір қаланы басқарса да, өзі де бір автобустың соңынан жүгіргені ел есінде. Бұл туралы ол журналистерге берген сұқбаттарының бірінде айтқан болатын.
Ал мерекелік шаралардың бірінде «Шымкент қаласы – зың» деп қалалықтарды бір қуантқаны бар.
2017 жылы Ғабидолла Әбдірахымов Астанаға жұмысқа ауысқанда, шымкенттіктер онымен қимай қоштасты. Бірақ көп ұзамай Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болып, Әбдірахымов қала тізгінін қайта ұстады.
Тағы оқыңыз: Шымкент әкімі халықты неге әйелмен салыстыратынын айтты
Еліміздегі үшінші мегаполиске әкім болып келгеннен кейін Әбдірахымовтың аты тағы да шықты. Бұл жолы ол «халықты әйелге теңеп», Шымкентте бәрін «вау» етуге уәде берді.
sputniknews.kz