Футболшы Нұрбол Жұмасқалиев спорттық мансабын аяқтады

0

2018 жылғы 12 қараша 01:11 158

Футболшы Нұрбол Жұмасқалиев спорттық мансабын аяқтады


АСТАНА. ҚазАқпарат — Елімізге белгілі футболшы Нұрбол Жұмасқалиев спорттан кететіндігін хабарлады. Ол бүгін «Тобыл» сапында соңғы мәрте жасыл алаңға шығып, Петропавлдың «Қызылжар» командасы қақпасына гол соқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрбол Жұмасқалиев 1981 жылғы 11 мамырда Орал қаласында дүниеге келген. Футболшылық мансабын 1998 жылы Оралдың «Нарын» командасы сапында бастады. 1999-2000 жылдарда Талдықорғанның «Жетісу» клубында ойын көрсетсе, 2000-2010 жылдарда Қостанайдың «Тобылының» жейдесін киді. Ал 2011-2012 жылдарда Астананың «Локомотивінде» доп тепсе, одан кейін төрт жыл бойы қайтадан «Тобылдың» намысын қорғады. 2017 жылы Павлодардың «Ертісінде» 7 ойын өткізіп қайтқанымен, сол жылы «Тобылға» қайта келді.

Биылғы біріншілікте қола жүлдегер атанған «Тобылды» бүгінгі «Қызылжармен» өткен ойыннан кейін марапаттау рәсімі өтті. Аталмыш шара барысында Нұрбол Жұмасқалиев өзінің аталмыш шешімі жайында жанкүйерлеріне айтты.

«Бүгін аймақ жұртшылығы үшін маңызды күн. Команда атынан қолду білдірген барлық азамататтарға ризашылық білдіргіміз келеді. Әріптестерімді де үлкен жетістігіммен құттықтаймын. Бүгінгі ойын мен үшін ерекше болды. Футболшылық мансабымдағы соңғы кездесумді өткіздім», — деді Нұрбол Жұмақалиев.

Естеріңізге сала кетелік, биылғы жылдың тамыз айында Көкшетаудың «Оқжетпесі» сапында ойнайтын белгілі футболшы Әлібек Бөлешов футболшылық мансабын аяқтағанын мәлім етті.  Ал үстіміздегі жылдың басында Самат Смақов футболшы өмірімен қош айтысқанын жариялап «Ақтөбе» командасының директоры болып тағайындалған еді.  Сондай-ақ, бүгін әлемгі белгілі футболшы Андрей Аршавин Алматының «Қайраты» сапында соңғы ойынын өткізді.