Футболдан Қазақстан құрамасы Грузиядан ұтылды

0
Футболдан Қазақстан құрамасы Грузиядан ұтылды


Футболдан Ұлттар лигасы D дивизионы бірінші тобының соңғы ойынында Қазақстан Грузиямен кездесті.

Ойында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші таймда алаң иелері көбірек шабуылдағанымен, нағыз гол соғатын мүмкіндік қазақстандықтарда болды. Серікжан Мұжықов дәл пас беріп, Роман Муртазаев грузиялық қақпашы Георгий Лориямен бетпе-бет шыққанымен, айласын асыра алмады.

Екінші таймда грузиялықтар дегеніне жетті. Сол қанаттан құстай ұшқан бельгиялық «Гент» клубының жартылай қорғаушысы, 19 жасар Георги Чакветадзені Абзал Бейсебеков ұстай алмады. Чакветадзенің берген пасынан кейін Георгий Меребашбили баспен соққанда, доп Ғафуржан Сүйімбаевтың арқасына тиіп, қақпаға енді де кетті. Ал 83-минутта Г.Чакветадзенің өзі орта тұстан қақпа бұрышын дәл көздей білді — 2:0.

С.Стоилов матч тағдыры шешілгеннен кейін ғана, 89-минутта  алаңға қарағандылық «Шахтердің» 20 жасар шабуылшысы Оралхан Өміртаевты шығарды. Бір-ақ минуттан кейін Оралхан айып алаңында кеудесімен допты қабылдап алып, дәл соққы жасай алды. Бұл оның Қазақстан ұлттық құрамасы үшін алғашқы голы еді. Осылайша Грузия құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Топта 16 ұпай жинаған Грузия құрамасы 1-орын алды. Қазақстан құрамасы 6 ұпаймен 2-орынға тұрақтады. Латвия мен Андорра құрамалары 4 ұпаймен жарысты аяқтады. Соңғы ойында екі құрама 0:0 есебімен тең тарқасты.