Freedom House Алматыда ұсталған белсенділерді босатуға шақырды
Сәуірдің 24-і күні Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы 21 сәуір күні Алматы марафонында «Шындықтан құтыла алмайсың» деген баннер ұстап, акция өткізген алматылық белсенділердің ұсталуын айыптап, Қазақстан билігін оларды босатуға шақырды.
«Әділ сайлау өткізуге шақырып, плакат ілгені үшін ғана ұстау мен қатаң жазалау Қазақстанда ашық президент сайлауы өтеді деген кез келген үмітті жояды. Freedom House ұсталған белсенділерді жедел босатуға шақырып, Қазақстан үкіметіне азаматарының саяси пікірін қорықпай айтуына мүмкіндік беруін сүрайды» деп ұйымның ресми сайты Freedom House-дың Еуропа және Еуразия бағдарламалары бойынша директоры Марк Берендттің пікірін келтірген.
22 сәуірде Алматы әкімшілік соты қаладағы марафон кезінде «Шындықтан құтыла алмайсың» деп плакат ұстап, акция өткізген белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 күнге қамаған. Акцияны камераға түсірген тағы үш белсенді — Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп танып, айыппұл салған.
Апта басында Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бес белсенді «заңнаманы бұзды» және «марафонды өткізуге кедергі жасады» деп мәлімдеген. Amnesty International халықаралық ұйымы белсенділерді «ар-ождан тұтқыны» деп таныды.