Франция жанармай бағасын өсіруге мораторий жариялады
Ұзақ уақытқа созылған наразылық шараларынан кейін ел билігі осындай шешім қабылдауға мәжбүр. Тұрғындар бензин мен дизель құнының күрт өсуіне қарсылық білдіріп, элита мен кедейлер арасындағы шиеленісті тудырды. Наразы топ «сары күрте кигендер» деген атпен кеңінен танымал. Автокөлікке арналған сары күрте киген шерушілер, биліктің мұндай шешімге баруын құптамады. Олар президент Эммануэль Макроннан жанармай бағасын арзандатып, елдегі экономикалық ахуалды жақсартуды талап етіп отыр.
Көптеген наразылар Парижге ауылдық жерлерден келген. Сенбі күні наразылық шарасында болған 31 жастағы Максим Николь Бретани ауылдық округінен келгенін және ол қараша айында құрылған сәттен бастап осы «сары күрте кигендер» қозғалысының мүшесі екенін айтты. Ол үш адамнан тұратын оның отбасы айына 1500 еуроға ғана өмір сүретінін айтты. «Бұл қарсылық елдегі қаржылық жүйе мен халық арасындағы күрес», деді ол.
Францияның солтүстік-батысындағы Ренндегі бай кварталдан келген Хьюго Мельхиор машинасы жоқ болғанына қарамастан, қозғалысты қолдауға Парижге келген.
Э. Макрон саяси көшбасшылардан осы аптада наразылықты ұйымдастырушылармен кездесуді сұрады. Қозғалыстың баспасөз хатшысы Максим Никольдің айтуынша, наразылық топтың басшысы саналатын Бенджамин Коши мен Жаклин Моро сейсенбіге жоспарланған Премьер-Министр Филиппен кездесуден бас тартқан. Елдегі ахуалға байланысты ол Польшадағы климаттағы өзгерістер бойынша COP24 конференциясына баруды да кейінге қалдырды.
Еске сала кетейік, 17 қарашадан бастап елде жанармай бағасының күрт өсуіне байланысты жаппай наразылық шерулері басталған. Елдегі шеруге қатысушылардың саны өткен сенбі күні 36 мың адамға жеткен. Шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласып, 400-ден астам адам ұсталған. Қаланың атақты Салтанат қақпасы ауданында «сары күрте кигендер» қозғалысын қолдау үшін ұрандар жазылған, ал басқалары Макронды «бай» президент ретінде сынаған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, студенттер де «сары күрте кигендер» қозғалысына қосылып, демонстранттар ғимараттарды өртеп, сейсенбіде полициямен қақтығысқа түскен. Полиция жасағы наразыларды тоқтату үшін жас ағызатын су мен газ шашып, пиротехникалық гранаттар қолданған.
Соңғы жылдары Франция мемлекетінде бензин бағасы 10-15 пайызға көтеріліп, дизельдік отын бағасы 24 пайызға қымбаттаған. Ал биылдың өзінде дизель отынының құны 16% — ға дейін өскен.
Франция президенті Эммануэль Макрон елдегі наразылыққа қатысты Үкіметтің шұғыл отырысын өткізіп, жақында билік пен наразы топ өкілдері ортақ мәмілеге келетінін айтқан.
Дайындаған Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»