Фотография саласында қазақ тілінде кітаптар жарық көрді
ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің ұйымдастыруымен «Дарын» баспасы және «Адырна» ұлттық порталының қолдауы негізінде университеттің аға оқытушылары Асылхан Әбдірайымұлы мен Досжан Балабекұлының «Фотография өнері: таңдамалы мақалалар жинағы», «Фотожурналист анықтамылығы» оқу анықтамалық сөздігінің тұсаукесері өтті.
Қос жаңа еңбектің тұсаукесер рәсіміне елімізге белгілі ғалымдар, фотоөнер мамандары, ардагер фототілшілер, қоғам қайраткерлері, студент, магистранттар қатысты. Шара аясында ардагер фотомайталмандары кітапты талқылай отырып, шеберлік сабағын өткізді. Бұл фотоөнеріне қызығатын жастарға жақсы мүмкіндік болмақ.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы құттықтау сөзімен ашып, факультет доценті Сағатбек Медеубекұлы жүргізіп отырды.
Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы: «Бізде қазақ тілінде фотоөнер туралы кітаптар өте аз. Саусақпен санарлық десек болады. Бұл тарапта көп еңбектеніп жүрген-Асылхан Әбдірайымұлы. Асекеңнің соңғы 10 жылда 5 фотоальбом кітабы мен 5 оқу құралы шықты. Біз осыдан 30, 35 жыл бұрын осы факультетте фотожурналистиканың кітаптарын орыс тілінде оқитынбыз. Қазақ тілінде кітап тапшы болатын. 1962 жылы қазақ тілінде бір кітап шыққан, оның өзі біз оқығанда қолға тимейтін. Өте аз данамен тараған. Амал жоқ орыс тілінде оқуға мәжбүр болдық. Бұл 1988 жыл. Қазір құдайға шүкір, Асекең фотожурналистиканың бір бұрышын көтеріп келе жатыр. Қазақ фотожурналистикасының теориясын жасады. Міне, соңғы еңбегін осы екі жинақ деп атап айтуға болады. Өзінің шәкірті-Досжан көмекшісі болып жүр. Бұл ғана емес, Асекеннің еліміздің түкпір-түкпірінде шәкірттері, дос, әріптестері өте көп»,-деді. Ал журналистика факультетінің доценті Сағатбек Медеубекұлы: «Қаншалықты технология дамығанымен, әр кім де қолындағы телефонымен кез келген сәтте фотоға түсіремін деп мақатанады, бірақ фотографтың көңілі, көкірегі, оның санасы мүлдем басқаша қарайды. Ол миллиондардың жүрегіне жол салатын сәттерді тез байқайды, аңғарады. Сондықтан да, оның өнері жалпыға ортақ. Журфакта құрылыған фотоклуб- «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігіне айналды. Бүгінде бірлестік республикалық, халықаралық көрмелерге, ғылыми-танымдық конференцияларға қатысты, экспедициялар өткізді», ˗ деп бағалады.
Оқырманға жол тартқан «Фотография өнері: таңдамалы мақалалар жинағы» жинағында сонау адамның ең әуелі дыбыстық тілі емес, образбен ойлайтын графикалық бейнелі тілі, яғни сурет тілі шыққаны, одан фотографияның пайда болуы, фотоөнерінің әлемдік және отандық дамуы мен ұлттық фотоөнер тұлғаларының мақала-сұхбаттары және бүгінгі жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы қорғалған магистрлік диссертация, бакалавр дипломдық жұмыстары және колледж студенттерінің дипломдық жобалары еніп отыр. Авторлар жан-жақты зерттеулер мен ғалымдардың тұжырымдамаларын топтастыру арқылы талдаудан өткізіп, тереңдей байыптауға тырысады.
Аталмыш еңбек, фотография саласы бойынша түңғыш мемлекеттік тілде жарық көріп отырған жалпы-жинақ, жалпы фотоөнерге қызығушылық білдіретін қалың оқырман қауымға арналған. Еңбекті журналистика факультетінің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайымұлы мен философия және саясаттану факультетінің аға оқытушысы Досжан Балабекұлы бірлесіп әзірлеген.
Сонымен қатар осы күні қазақ фотожурналистикасында алғаш рет Асылхан Әбдірайымұлының авторлығымен «Фотожурналист анықтамылығы» оқу анықтамалық сөздігінің тұсауы да кесілді. Бұл анықтамалық фотожурналистерге арналған практикалық нұсқаулық. Мұндағы тақырыптар белгілі бір жүйе бойынша түзілген, фотография туралы анықтама мәліметтерді, оның негізгі қағидаттары мен әдістерін қамтиды, фотопублицистиканың БАҚ-тағы жұмыс технологиясына баса назар аударады. Сонымен қатар бұл анықтамалықта отандық және әлемдік фотожурналистика туралы маңызды мәліметтері келтірілген.
Кітап авторының бірі, ҚазҰУ-дың философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Балабекұлы Досжан: «Қазір үшінші мамандығым бойынша еңбек етіп жүрмін. Бірақ, ұстазым Асылхан Әбдірайымұлы фотожурналистикадан мүлдем кетпеуге, қатар алып жүру керек екенін үнемі айтып отырады. Фотожурналистиканың практикасынан бастап, теориясын жазуға шақырды. Жинақ шығаруды осы жылы қолға алдық. Ағаның осы салада бай тәжірибесі бар. Мұрағатының өзі том-том еңбек болатыны сөзсіз. Фотоөнерде шәкірт тәрбиелеуде еңбегі де орасан. Бүгін міне, «Дарын» баспасынан 500 данамен ағамен бірге ізденген еңбегіміз жарыққа шықты. Бұл да бір үлкен жетістік», ˗ деп пікірімен бөлісті.
Шара аясында ғұмырының 50 жылын фотожурналистикаға арнаған, ардагер фотожурналист Қалиғұмар Қабдешевке Қазақстан фотожурналистикасына сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалі, сонымен қатар, ҚХР-нан келген, «Алтай қазақ этнофотография қоғамының» төрағасы Серік Мұқышұлына Қазақстан фотоөнеріне сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалі табысталып, марапатталды.
Жиын соңында Асылхан Әбдірайымұлы барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, алдағы бір ай көлемінде «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорымен студент жастарға арналған шеберлік сағаты өтетіндігін хабарлады. Факультет профессоры Кәкен Қамзин оқулық авторларына ізгі тілегін білдіріп, батасын берді.
Фотоларды түсірген: Олжас Жақыпбеков