Фотоесеп бересіңдер деген соң түсірдім

0

9 маусымда таңертең Шымкенттегі №148-ші сайлау учаскесінде дауыс берген азаматтардың бірі, өзін №1-ші қалалық емхананың аға мейірбикесі ретінде таныстырған Бағила Сарбасова Азаттық тілшісінен дауыс беру сәтін смартфонына түсіруді өтінді.

«Бастығымыз фотоесеп бересіңдер деген соң түсіріп жатырмыз» деген азамат телефонына бюллетень тастаған сәтін түсіріп алды.

— Есеп үшін жіберу керек. Бізге кім-кімге дауыс беруді айтқан жоқ. Бірақ бастығымыз ұжымның сайлауға кім-кімнің барғанын білгісі келеді, — деді ол Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін әлеуметтік желіде кейбір азаматтардың «сайлау күні фотоесеп беру» жайлы міндеттелгені туралы жазбалар шыққан.

Азаттық тілшілері 9 маусымда таңертең сайлаушылардың екі бюллетеньді қатарынан салап жатқанына куә болды. Шымкенттегі Азаттық тілшісі жәшікте бес бюллетеннің бірге бүктеліп жатқанын да көрді. Бұған дейін өзге де бақылаушылар заңбұзушылықтар тіркегенін хабарлаған.

Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы басталды. Елде 9 мыңнан астам сайлау учаскелері жұмыс істеп жатыр.

Azattyq