Fly Arystan ұшағы Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып келді

0
127

Отандық лоукостер – Fly Arystan әуе компаниясының алғашқы жолаушылары елордаға Роза Бағланова атындағы Airbus A320 ұшағымен ұшып келді

НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр – Sputnik. Еліміздегі алғашқы лоукостер – Fly Arystan бюджеттік әуе компаниясы Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы рейсін орындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Fly Arystan бюджеттік әуе компаниясы Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы рейсін орындады

Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған Fly Arystan бюджеттік әуе компаниясы бүгін алғашқы рейсін орындады. Алматыдан ұшып шыққан ұшақ елордаға сағат он бір жарым шамасында қонды.

Тағы оқыңыз: Fly Arystan билеттерінің қымбаттап кеткені рас па?

Айтпақшы, отандық лоукостердің алғашқы жолаушылары елордаға Роза Бағланова атындағы Airbus A320 ұшағымен ұшып келді.

«Назарбаевтың тапсырмасы орындалды»

Алғашқы ұшақты қарсы алуға «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, «Эйр Астана» компаниясы тобының президенті Питер Фостер келді.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

«Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр және «Эйр Астана» компаниясы тобының президенті Питер Фостер.

Алғашқы болып сөз алған Ахметжан Есімов алдымен жиналған қонақтарды бүгінгі 1 мамыр мерекесімен құттықтады.

«Осыдан тура жарты жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа тиімді, арзан әуе компаниясын ашу туралы тапсырма берген еді. Сол тапсырма бүгін орындалып отыр. Үлкен жүйелі жұмыс атқарылды. Бірінші ұшақ Алматыдан елордамызға қонды. Бүгінгі күннен бастап енді Қазақстанның басқа да қалаларына бағыттар ашылады. Бүгін біз үшін айтулы күн десек те болады», – деді Есімов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Қазақстанда жыл сайын әуе жолаушыларының саны артып келе жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, былтыр шамамен 8 миллион жолаушы тасымалданған, бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 6 процентке артық.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Fly Arystan бюджеттік әуе компаниясы Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы рейсін орындады

«Бүгінде халықаралық практикадан көріп отырғанымыздай, әуе жолаушылары үшін шығыны аз лоукостерлер белсенді дамып келеді. Олар қарқыны жағынан классикалық әуе компанияларын басып озуда», – деді Скляр.

Министр бұл процестен Қазақстан да шет қалмауы керектігін атап өтті.

Билеті арзан әуе компаниясының жоспары қандай

«Эйр Астана» компаниясы тобының президенті Питер Фостер журналистерге қазақстандық лоукостердің жоспары туралы айтып берді.

«Қазір бұл ұшақ Таразға, Қарағанды, Оралға ұшады. Осы айда Павлодар мен Шымкентке рейстер ашылады», – деді ол.
Оның айтуынша, алдағы уақытта халықаралық рейстер ашу жоспарланып отыр.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

«Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр және «Эйр Астана» компаниясы тобының президенті Питер Фостер

«Осы жылдың қазанында үшінші және төртінші ұшақтарды алғаннан кейін халықаралық бағыттарды ашу жоспарда бар. Әзірге Орта Азия, Кавказ және Ресейге ұшуды көздеп отырмыз», – деді Фостер.

Бұған қоса, келесі жылы жазғы маусымда еліміздің курортты аймақтарына да ұшақпен жетуіңіз мүмкін.

«2020 жылға жоспарлап отырмыз. Ыстықкөл мен Алакөл бағыттарын қарастырып жатырмыз. Бірақ нақты датасын айта алмаймын», – деді ол.

Ұшақтағы тамақтың бағасы

Руслан Тагаев Fly Arystan-ның алғашқы жолаушыларының бірі. Алматыдан ұшып келген фотограф отандық лоукостердің қызметіне дән риза.

«Бизнес класс жоқ, бәрі бір жерде отырады. Тар емес, орындықтары да ыңғайлы, жайлы», – дейді ол.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Fly Arystan бюджеттік әуе компаниясының ұшағы

Ол ұшақта тегін тамақ бермейтінін, бірақ өз ақшаңа сатып алуға болатынын айтты.

«Мәселен, ірімшікпен жасалған сэндвич пен шай 1200 теңге, ал тауық етімен 1400 теңге тұрады. Ал шайдың өзі қателеспесем 300 теңге, сникерс те 300 теңге», – деді жолаушы.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Fly Arystan бюджеттік әуе компаниясының қызметкерлері

Айтуынша, ұшақ борты жолаушыларға толы болған, арасында ата-әжелер де, балаларын ерткен ата-аналар да бар.

Айтпақшы, ұшақтың дәретханасы да тегін екен.



sputniknews.kz