Флеш-моб, форумдарды азайтып, нақты жұмыстарды қолға аламыз

0
74

Біздің облыстың басқа өңірлерден ерекшелігі, «Серпін» бағдарламасымен келіп, оқып жатқан жастар бар. Олар осында тұрақтанып қалуы үшін тұрғын үй беру мәселесін көтеріп жүрміз. Аудан-қала әкімдеріне хат та жазылды. Жас мамандар барғысы келсе де, кейбір аудандарда олар тұратын үй жоқ. Бұл түйткілдер енді шешімін табады деп ойлаймыз.

Еріктілер жұмысы біздің облыста бұрыннан жақсы жолға қойылған. Қарттар үйіне де, Балалар үйіне, Аналар үйіне де жиі барып тұрамыз. «Үміт» балалар үйі тұрақты түрде қамқорлыққа алынған. Біздің еріктілеріміз халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне де атсалысты. Бес жыл бұрын Қазан қаласында өткен универсиадада өңірдің еріктілері төрт мемлекеттің арасында үздік атанған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі ширататын боламыз.

Жастар жылының салтанатты ашылуында Елбасының өзі ерекше тоқталған жастардың ажырасуы Шығыста өзекті мәселелердің қатарында. Әсіресе, жастардың ажырасуы ауылды жерлерде белең алып тұр. Психологтардың жеткіліксіздігі, әйел адамдарда сыр бөлісетін, шер тарқататын жандардың болмауы, денсаулығындағы кінәрат – ажырасудың көп себептерінің бірі. Жасыратыны жоқ, қазақы менталитетімізге байланысты ауылды жерлерде әйел қауымының көпшілігі дәрігердің алдына баруға ыңғайсызданады. Ұялады. Кейбір отбасылар бала болмауы себепті ажырасып жатыр. Осының салдарынан өз-өзіне қол жұмсап жатқан адамдар да бар. Сондықтан бұл тарапта бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Осы мәселемен кешенді түрде шұғылдану үшін арнайы жұмыс тобын құрып, аудан-ауылдарды аралайтын боламыз. Топ құрамына университеттердің психолог мамандары, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, білікті дәрігерлер – урологтар, гинекологтар кіреді. Жұмыс тобы әрбір ауылдық округтерге барып, Үкіметтік емес ұйымдармен, сондағы ақсақалдар, аналар алқасымен бірлесе жұмыс істейтін болады. Қазір облыстың аудандарда дағдарыс орталықтары ашылып жатыр. Зайсан ауданында әйел адамдарға арналған «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» деген орталық жұмысын бастады. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру ойымызда бар.

Жалпы, өңірде Жастар жылына байланысты бірнеше бағытты қамтитын үлкен жұмыс жоспары әзірленіп жатыр. Біз Жастар жылында алаулатып-жалаулатқан, ұрандатқан  флеш-моб, форум, акциялардан гөрі жеке адамдарға пайдасы тиетін, нақты, адрестік жұмыстарды қолға алсақ,  жұмыссыз жүрген жастарды қолдасақ дейміз. Мәселен, былтыр облысымызда «Zhas project» жобасына жастарымыз белсенді қатысты. Барлық ауылдарға барып, кездесулер өткізіп, жеке бизнесін ашамын деген жастарға қолдау көрсеттік. Жастар орталығының мамандары оларды аудандар мен қалалардағы «Даму» мен «Атамекеннің» филиалдарына қолдарынан жетектеп, апаруға дайын. 2018 жылы «Zhas project» жобасына өңірден 150 жоба ұсынып, 300 миллион теңге ұтып алдық. 150 жобаға 500 жас қатысты. 120 жас өзінің шағын бизнесін ашты. Осындай жастарға пайдалы жұмыстар биыл да жалғасады.

Арайлым ЕСІМБЕКҚЫЗЫ,

облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры

ӨСКЕМЕН

Дереккөз: http://egemen.kz/