«Фитнес және спа-ға 40 миллион». Перуашев мемлекеттік кәсіпорындардағы шығын туралы

0
111
Сурет: Engin_Akyurt

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстандағы мемлекеттік сатып алулардың ашықтығына сын айтты. Ол мемлекеттік кәсіпорынның өз менеджерлері үшін фитнес және спа-орталықтарына 40 миллион теңге жұмсайтынын мысалға келтірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Перуашевтің пікірінше, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу мәселелері жөніндегі заң жобасы шикі, бұл ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтер жұмыс кезінде заңды ғана емес, сонымен қатар жеке өздерінің сатып алу ережелерін де басшылыққа алатынын білдіреді.

«Заң жобасы бірқатар маңызды мәселелер бойынша пысықтауды талап етеді. Заң жобасы барлық квазимемлекеттік секторды емес, тек ұлттық холдингтер, ұлттық компанияларды қамтиды. Оның шеңберінен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңмен реттелетін орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы түрлі ЖШС мен РМК қалып қояды.

Одан 2013 жылы отандық бизнесті қолдау шаралары алып тасталды. «Ақ жол» фракциясы бұл нормаларға қайта оралу қажет деп есептейді. Ілеспе заң жобасы аясында қазақстандық кәсіпорындарды мемлекеттік сатып алу туралы заңға тікелей қолдау шараларын енгізуді ұсынамыз», – деді депутат заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде.

Перуашев қарастырылып отырған заң жобасының 4-бабында «Отандық өндірушілерге қолдау көрсету» сияқты сатып алу принципі көрсетілгенін, ал заңда отандық өндірушілерді қолдау туралы нақты нормалар жоқ екенін айтты.

Оның айтуынша, 1-баптың 13-тармағы заңның «Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген өзге де жағдайларға» таралмайтынын көрсетеді. Осылайша, сатып алу субъектілері бекіткен ережелер заңнан жоғары тұр және кез келген субъект өз шешімімен оның талаптарын алып тастай алады.

«Біз бұл тәсілді дұрыс емес деп санаймыз. Кеше «Ақ жол» фракциясы депутаттарының бұл норманы алып тастау туралы түзетуін жұмыс тобы қабылдады, сол үшін біз басқа фракциялардағы әріптестерімізге алғыс білдіреміз.

Тағы бір сәт: 7-баптың 3-тармағында заңға тәуелді актілер де заңнан жоғары қойылады. Осылайша, «Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында сатып алуға қатысудың өзге де шектеулері көзделуі мүмкін» дегенге мән беру керек. Біз барлық шектеу заң деңгейінде реттелуі керек деп талап етеміз», – деді Перуашев.

Сондай-ақ, «Сатып алуды бақылау да» депутаттың алаңдаушылығын тудырды. Оның айтуынша, 13-баптың 1-тармағында «Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компаниялар… сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің жұмыс тәртібін айқындайды» делінген. Перуашевтің пікірінше, Қаржы министрлігі осы арқылы «тәртіпті өздері басқарғысы» келеді.

«Осы саладағы жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сондай-ақ мәмілелердің миллиардтаған сомасын ескере отырып, бұл тәсіл түлкіге тауық қораны сеніп тапсыру туралы мақалға ұқсайды. Жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, мұндай тәсіл дұрыс еместігін ескертіп,

«Ақ жол» фракциясы ұлттық компанияларды бақылау тәртібін олардың өздері емес, тәуелсіз орталықтандырылған қызмет не мемлекеттік аудитке беруді талап етеді. Өйткені бұл субъектілер кез келген жағдайда мемлекеттік ақшаға иелік етеді», – деп ұсынды мәжілісмен.

Перуашевтің пікірінше, ұлттық компанияларда бюджет жүйесі ашық болса «СҚ-фармациядағы» ондаған миллион теңге сыйақы төлеу», «пандемия кезінде дәрілердің жетіспеуінен адамдардың қаза болуы» сияқты жағдайлардың алдын алуға болушы еді.

«Немесе тағы бір мысал, мемлекеттік кәсіпорындар менеджерлеріне фитнес және спа-орталықтары үшін салық төлеушілердің қалтасынан 40 миллион теңге бөледі. Бұл тек жария болған деректер. Қарастырылып отырған құжат осы салада тәртіпті орнатудың алғашқы қадамы ғана деп үміттенеміз. Құжат қолдауға лайық деп санаймыз, өйткені іс жүзінде ол мемлекетке сеніп тапсырылған миллиардтаған қаражатты өз қалауы бойынша басқаруға дағдыланған және қоғамнан жабық Мемлекеттік кәсіпорындардың қорғанысындағы серпіліс болып саналады», – деп түйіндеді Перуашев.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету