«Фильмді 108 миллион теңгеге түсірдім»: Актриса Дариға Бадықова алаяқтарға жауап берді
Танымал актриса Дариға Бадықова көрерменге ренжіп жүр. Жақында жарық көрген тырнақалды туындысы “Таптым-ау сені” фильмін көшіріп, желіге таратып жүргендерді сынады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соңғы кезде актриса продюсерлікке де бет бұрған.
“Құрметті көзі қарақты көрермен! Бұл менің алғашқы бар ынтаммен, махаббатыммен сіздерге ұнаса ғой деп тілеп түсірген фильмім ғой!
Бұл фильмде кадр сыртында сексенге жуық ұжым жұмыс істеді.
Еңбектену қашан да оңай емес. Кейде бұл еңбекті бағаламай құнсыз етіп, фильмді еш рұқсатсыз ютуб желісіне, телеграмға салып жатқандар да бар..
Мен кей кісілерден өтініп сұраймын! Фильмді қай бір желіге рұқсатсыз салсаңыз заңсыз әрекет жасағаныңыз! Бір-бірімізге заң пайдаланып, қырылысып жатамыз ба.… Одан да желіге салуды доғарыңыздаршы
Доғарылмаса ұят болады! Заңға берсем, кім жаман? “Дариға жаман” болып қаламын.”, – деп жазды актриса.
Айта кетейік, еліміздегі қаламақысы жоғары актрисалардың бірі Дариғаның алғашқы туындысы да қымбатқа шыққан.
“Фильмді 108 миллион теңгеге түсірдім. Оны әкеме және ұстазым Болат Атабаевқа арнадым. Әкемді қатты сағындым, басына бармай кеттім. Құдайға қатты сенемін және олардың киноны көретіндеріне сенемін. Осы екі кісі менің өмірімдегі басты жандар, – деген еді актриса.