Фарида Шәріповалар дыбыстаған үндерден айрылып бара жатқандаймыз – актер

0
22 Қараша 2018, 12:24 410 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Disney-дің тағы бір туындысы енді қазақша сөйлейді. Мультфильмді басты кейіпкерді дыбыстаған Жәнібек Мұсаев дубляж барысындағы қызықтармен және қазіргі дубляждың кемшін тұстарымен бөлісті.

22 қарашада «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен қазақ тіліне дубляждалған «Ральф интернетке қарсы» фильмі жарыққа шықты. Бұл анимациялық фильмнің алдын ала көрсетілімдері Астана және Алматы қалаларында өтті, фильмді жас көрермендер де, ересектер де өте жылы қабылдады.

«Дубляж барысында қызықтар туралы айтар болсам, кейіпкерім кейде ашумен, кейде мейіріммен сөйлейді. Былайша айтқанда, оның кеңдігінде шек жоқ. Маған жаны жақын болған соң, дыбыстауда қиындық болмады. Тек біздің алдымыздағы мақсат – балаларға түсінікті тілде, қазақи интонациямен жеткізу. Балалар жеңіл қабылдайтындай етіп дыбыстадық», — деді актер.

Оның айтуынша, фильмді дубляждауға әдеттегіден көп уақыт кеткен.

«Дубляжды алдыңғы мультфильмдер сияқты 1-2 күнде бітіреміз деп ойладық. Бірақ бес күнге созылды. Себебі мультфильмде заманауи техника, интернет тілі болды. Соларға бейімделу, дауыс ырғағымен жеткізуге уақыт керек болды. Оның үстіне, соңғы кездегі қазақ тілінде дыбысталып жатқан мультфильмдердің өзін балалар онша қабылдамай жатыр. Біз кезінде Фарида Шәріповалар дыбыстаған үндерден айрылып бара жатқандаймыз. Соны келтіргіміз келеді. Барынша, соған тырыстық», — деді театр актеры.

Сонымен қатар, Ралфь ән айтқанда, нотаға түспей шырқайды екен.

«Негізінде, бағасын көрермен береді дегенге қарсымын. Себебі жұмысты біз бағасына лайық болатындай жасауымыз керек. Сосын дыбыстау барысында мынадай қызық болды. Ральф ән айтқанда, нотаға түспей айтады. Ол балалар бір нәрсені жасап жатқанда қолынан келмей жатса, әрі қарай мойымай тырысуға шақыру үшін ұмтылады. Әнді де сондай көңіл-күймен жеткізеді. Сол кезде нотаға түспей айту деген қызық болды», — деп бөлісті дубляж барысындағы қызықты сәттермен Жәнібек Мұсаев.

Дубляж режиссеры рөлдерді дыбыстауға әртістерді қалай таңдағаны туралы айтып берді.

«Бәрінен бұрын Ванилопа фон Кекс кейіпкерінің дауысын сомдау қиынға соқты. Ағылшын және орыс тіліндегі нұсқаларын әйгілі стенд-ап әртістер – Сара Сильверман және Comedy Woman-дағы Наталия Медведева сомдады. Бұл рөлге харизматикалық әрі бала үніне сәйкес дауысты іздедік. Осы параметрлер бойынша көптеген әйгілі қазақстандық актрисалар және тележүргізушілердің дауыстары сәйкес келмеді. Ақырында жас актриса Инабат Әбенова таңдалды, ол үшін бұл Ванилопа фон Кекс рөлі кең дубляждағы ең алғашқы рөлі болып саналады. Фильмде «спам» және ағылшынның Стенли атынан шыққан — Спамли деген кейіпкер бар. Біз оған Спамбай деп ат бердік. Ал Ванилопа фон Кекс қазақша нұсқасында Ванилопа фон Шекерге (қаз.т. «шекер» — сахар) айналды. Фильмдегі кей сәттерде Ральф eBay интернет-ресурсының атауы есіне түсіре алмайды. Ральф оны үнемі бұрыс айтып жүреді. Міне, осы жерде біздің «ойбай» сөзіміз дәлме-дәл келе қалды. Сахналардың бірінде «Батыл жүрек» анимациялық фильмінің Мерида ханшайымы пайда болады. Ол түпнұсқада ағылшын тілінде таза шотландық акцентпен сөйлейді, ал біздің нұсқамызда оған «оңтүстіктік» акцент қостық. Фильмде халықаралық интернет терминдері көп және қазақша дубляжда өте сәтті ойналды. «Disney» кәсіби дубляждың белсенді дамуы үшін жақсы мектеп болды. Және де әрбір жаңа жоба біздің тіліміздің өте икемді әрі жанды екенін көрсетеді. Ол голливудтық бейнелерде өте тамаша шығады!» — деді мультфильмнің премьерасында дубляж режиссеры Шах-Мұрат Ордабаев.

Мультфильмге тоқталсақ, компьютер ойындарының кейіпкері, ебедейсіз «жауыз» — алып Ральф туралы комедиялық анимациялық фильмі — 2012 жылғы хиттың жалғасы. Ральф өзінің абыройсыз рөлінен шаршап басқа ойындар әлеміне ерлік жасауға барады. Алты жылдан кейін Ральф кішкентай досы — Ванилопа жарысқышпен бірге тың белестерді Интернеттің шексіз кеңістігінде бағындыруға аттанады. Ол бұл жерде ешкімнің де қабілеті жетпейтін сондай хаос тудырады.

Неліктен Disney фильмдерін қазақ тілінде тамашалаған қызықты?

Бар болғаны сегіз жыл бұрын ғана шетелдік фильмдерді қазақ тілінде көруді армандаған едік. Қазір біздің туған тіліміз «Disney» отбасында және басқа да голливуд студиясында лайықты орынға ие болды. Сондықтан, сіз «Disney» анимациялық фильмін қазақ тілінде көрген кезіңізде, оның ағылшын, орыс немесе басқа тілдегідей керемет шығатынына сенімді боласыз. Дубляждау үдерісі біршама күрделі іс, «Disney» барлық басты кейіпкерлерінің қазақша дауыстарын растайды. Бұл дыбыстаулар кейіпкердің тембріне ғана, емес сондай-ақ оның мінезіне де сәйкес келуі қажет. Дубляж жасау – фильмді басынан аяғына дейін ойнап шығу деген сөз, тек өз тіліңде. Авторлық ойдың тура берілуі үшін аударманы ағылшын тілінен қазақ тіліне бірден жасайды. Диалогтарды аударғанда персонаждың тура сол тілде сөйлеп тұрғандай етіп әсер қалдыруы мақсатында кейіпкерлердің артикуляциясының дәл келуіне назар аударылады.

Мультфильмнің кастингі

«Ванилопа Фон Кекс» персонажының басты рөліне 8 актриса, «Шэнк» персонажының рөліне – 5 актриса, «Иесс» рөліне – 3 актриса, «Ральф» рөліне – 6 актер, «Спамли» рөліне – 10 актер сыналды. Жалпы алғанда «Ральф против интернета/Ральф интернетке қарсы» фильміне Астана, Алматы, Орал, Қарағанды қалаларынан 50 актер, сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен «Балапан» телеарнасының кішкентай актерлері қатысты.

«Ральф» персонажының рөлін актер Жәнібек Мұсаев орындады, «Сержант Калхунды» – актриса Алтынай Нөгербек сомдады, ол режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлді ойнаған.

Қазақ тілін үйренгісі келетіндер үшін, осындай бейнелі сөздерді тыңдау қабілетін, айтылуына мән беруді, сондай-ақ өзінің лексикасын тірі әрі қызықты диалогтар, мемлекеттік тілдегі есте тез сақталатын әндер арқылы толтыруға көмектеседі.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ